$ 444.22  476.38  4.82

25 жасында 5 бала асырап алған Алтынай есімді ару жайлы не білеміз?

Бүгінгі күні Жамбыл облысында  0-18 жас аралығында 427 465 бала болса, олардың 1 479-ы – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. «Әттең, Алтынай Тапелова мен өзге де кейіпкерлеріміз сияқты әр қазақ ең болмаса бір баладан асырап алса, балалар үйінің есігіне қара құлып таңылар ма еді?».
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

«Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар», – дейді қазақ даналығы. Расында да,  баланың шаттық күлкісінен артық  дүние жоқ. Бауыр еті баласы үшін  ата-ана кеудесін оққа тосып, отқа түсуге де әзір. Алайда қоғамның қасіретінің бірі – өз баласынан бас тартқан көкек аналардың көбеюі. Бүгінде тірі жетімге айналып отырған осындай жас жеткіншектерді көргенде жүрегің сыздап, бойыңды алабөтен сезім билейді. Десе де, бөтенді бауырына басып, жатты жылатпай, аялы алақанның жылуын сездірген жандар жоқ емес. Соның бірі – Жамбыл облысы Талас ауданының тумасы Алтынай Тапелова.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі бүгінде бес балаға ана мейірімін төгіп отырған үлкен жүректі қара­көзімізбен  арнайы барып тілдескен едік.

– Алтынай Бекботақызы, небәрі 25 жаста бес баланы асырап алу екінің бірінің қолынан келетін ерлік емес. Айтыңызшы, мұндай қадамға баруға сізге не түрткі болды?

– Өзім Сарысу ауданы  Жайлыма ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келгенмін. Бес ағайындының үлкені болсам, артымнан ерген төрт інім бар. Әкем Бекбота  өмір жолын ұстаздыққа, бала тәрбиесіне арнаған жан. Зейнеткерлікке Қаратау қала­сындағы «Үміт» тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға арналған мектеп-интернатынан шықты. Анам Күнімай Исабаева болса, бүгінде Талас ауданындағы «Мирас» балабақшасында еңбек етуде. Бір сөзбен айтқанда, біздің отбасымыз бала тағдырымен тығыз байланысты. Сол себепті Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолымды Жуалы ауданы Қарабастау ауылындағы мектепте ұстаздық етуден бастадым. Кейіннен Талас аудандық білім бөліміне ауысып, бала құқығын қорғау жөніндегі маман болдым. Осында жүріп өмірімдегі ең маңызды оқиға – бүгінгі бес перзентіммен қауыштым.

2014 жылы мемлекеттік қыз­метке алғаш келгенімде сан қилы балалардың тағдырын көріп, тастанды жас жеткіншектерді  балалар үйіне өткізетіндерге етім үйрене бастаған. Алайда 2016 жылы  Меркі ауданынан бес баласынан бас тартқан ана туралы ақпар жетіп, оларды Талас ауданындағы нағашылары бауырына басқанын  естідім. Бірақ шамамен төрт ай өткенде нағашылары бізге хабарласып, балаларды асырау қиынға соғып жатқанын, сол себепті оларды балалар үйіне өткізуге ниетті екенін жеткізді. Құжаттары алдыма келгеннен кейін қазан айында аталған мекенжайға бардым. Таласта сол жылы қар ерте түсіп, ызғар бетті қаритындай болып тұрған. Барсам, бес бала бір бөлмеде бүрсең қағып отыр екен. Нағашыларының тұрмысы төмендігі соншалық,  балаларға не күздік, не қыстық киім алып бере алмапты. Содан бесеуін де жетектеп үйге алып келдім. Ең кішісі Іңкәр ол кезде небәрі 3 жаста болатын. Балалар мойнымнан құшақтап, бойымнан аналық сезімді қалай оятқанын өзім де түсінбей қалдым. Әкем мен анам балаларды жылы қабылдап, көршілердің көмегімен қажетті киім-кешек алып бердік. Алайда белгіленген талап бойынша үш күннен кейін балаларды Тараз қаласындағы Сарымолдаев атындағы балалар үйіне өткізуге әкелдім. Бірақ шынымды айтайын, босағадан аттап, балалар үйіне кіре алмадым. Көлікте көтеріңкі көңілмен келе жатқан бесеуінің де балалар үйін көргенде түрлері бұзылып, үнсіз отырып қалды. Содан сол күні «құжаттары дұрыс болмай қалды» деген желеумен  балаларды қайта үйге алып келдім.

– Сол сәттен бастап балалармен бірге болдыңыз ба?

– Жоқ, біраз күн өткеннен кейін басшылардың айтуымен Сарымолдаевқа қайта бардық. Бірақ бұл жолы да балаларды өткізе алмадым. Содан көлік ішінде оларға: «Менімен кетесіңдер ме? Бірге болғыларың келе ме?» деп сұрадым. Ол кезде олар мені «Ай тәте» дейтін. Содан бесеуі бірдей «Ай тәте, бізді тастамаңызшы» деп жылап жіберді. Ал Іңкәр болса мойнымнан қатты құшақтап, екі бетімнен қайта-қайта сүйе берді. Осы кезде мен де көз жасыма ерік беріп, бесеуін қатты құшағыма қыстым. Кеудем қысылып: «Құ­дай-ай, балаларды осылай тастап кетіп жатқан қандай тасжүрек жандар?» деп іштей езілдім. Бірақ мұны балаларға көрсетпей, бірер күн балалар үйінде бола тұруы керегін тү­сіндіріп, құжаттарды рәсімдеп келетінімді  айттым. Үлкендері келіскендей  болғанымен, кішім Іңкәр шырылдап жылап қалды. Жүрегім шыдамай, біраз жер жүргеннен кейін қайта айналып келсем, Іңкәрдің қызуы көтеріліп, медбике дәрі еккелі жатыр екен. Медбикені тоқтатып, бәрін өзім жасайтынымды айттым. Сол күні Іңкәр көз ілгенше қасында болып, таңғы сағат төртте үйге келдім.

– Одан кейін не болды? Бала асырап алғыңыз келетінін ең бірінші кімге айттыңыз?

–Үйге келген кезде әкем: «балаларды апарып тастадың ба?» деп сұрады. Мен: «Әке, оларды апарып тастағаныммен,  жүрегім сонда қалды» деп жылап жібердім. Әкем: «Ертең барып, қайта алып кел. Қазақтың баласы менің де балам» деген кезде төбем көкке жеткендей болды. Ертесіне аудандық комиссияға бала асырап алу туралы өтініш жаздым. Қарсы болып, райымнан қайтарғысы келгендер көп бол­ды. Біреулер әлі жас екенімді  айтса, енді бірі бұлай өз өмірімді құртатыным туралы кеңес берді. Бірақ ештеңеге қарамастан, 10 күн ішінде құжаттарды рәсімдеп,  балаларды патронаттық тәрбиеге алу туралы рұқсатнама қағазға қол жеткіздім. Құжат  қолға тиген бойы балалар үйіне ұшып барсам, Іңкәр терезеге телміріп қарап отыр екен. Мені көре сала: «10 күннен кейін келемін деп едің. Келмей қала ма деп қорқып кеттім» деп құшағыма еніп кетті. Мен де қатты құшақтап, «Енді айырылмаймыз» деп  көз жасым төгіле түсті.

– Шынында, адам таң­ғалар­лықтай жағдай екен. Өзге құрсақта өссе де, Іңкәрдің сізді өз анасынан артық көргені таң­ғалдырады. Оған қоса, үш жас деген балаға ес кіріп қалатын кез. Демек, сіздерді Алланың өзі қауыштырған болып тұр ғой. Қазір балалардың жағдайы қалай?

– Үлкенім Дильназ биыл мектеп бітірді. Қасымда болсын деп, Қаратау қаласындағы ТарМУ-дың колледжіне түсірдім.  Досжан – 12 жаста. Ернат 11-де болса, Нұрдәулет 9 жасқа толып отыр. Кенжем Іңкәр – 8 жаста. Барлығы Талас ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектепте оқиды.

– Балаларыңызға мемлекет тарапынан қандай көмек көр­се­тілуде?

– Бастапқыда әкем кезекке тұрып алған үйін бізге берген болатын. Алайда өткен жылы екі балама Қаратау қаласынан екі бөлмелі пәтер  берді. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Тағы екі баламды Тараз қаласында үй кезегіне қойып қойдым. Олардың келешегін ойлап, осындай шешім­ге бардым.

Мемлекет тарапынан әр балаға 10 АЕК көлемінде жәрдем­ақы төленеді. Одан бөлек, қол ұшын созып отырған әке-шешем бар. Бірақ шынымды айтсам, ата-анаң­нан көмек сұрай бергенге ұялып, бір кездері Тараз қаласында ыдыс-аяқ жуып, табыс тапқан күндерім де болған. Балаларымды ешкімнен кем қылмас үшін демалыс күн­дері облыс орта­лығына келіп, кафелерден аз-маз тиын тауып, соны балаларыма жеткізгенше асығатынмын. Қа­зір Құдайға шүкір, табысымыз жеткілікті . «Әр баланың өз нәсібі бар» деген рас екен. Алланың берген ырыздығын бөлісіп, күн көріп отырмыз.

– 25 жасында бала асырап алмақ түгілі, өз күнін көре алмай жүрген жастар көп. Оған қоса, қыз  баласы үшін бұл жеке өмірін құрайтын кез. Осының бәрін ысырып қойып, бес  бала  үшін өміріңізді қиғаныңызға өкінбейсіз ба?

– Өмірім бұлай болады деп ойламағанмын. Алайда Алланың жазуымен осы жолға түстім. Бұ­рын қызмет қуып, мансабымды көтергім келетін.  Бірақ Жарат­қан маған осы бес баламды жолық­тырып, өмірдің шынайы бақытын сездірді. Сондықтан бұл таңдауым үшін еш өкінбеймін.

Тұрмыс құру мәселесіне келер болсақ, сөз айтып келген жігіттер көп болды. Бірақ олар менің балаларымды қалай қабылдайды деп қорықтым. Бес перзентім әке мейірімін көрмей өскен жандар. Сондықтан олардың жүрегіне ауыртпалық салмау үшін жеке бақытымнан бас тарттым.

– Балалардың әкесі туралы сөз қозғап қалдыңыз. Олардың ата-аналары кім болған? Қазір балаларымен жолыққысы келіп, хабар­ласып жүрген жоқ па?

– Балалардың анасы – Лаура есімді азаматша. Үлкен қызым Дильназ басқа әкеден дүние келген. Қалған төртеуінің әкесі бақилық болған. Кейінгі кездері Дильназ әкесі туралы көп сұрай бергеннен кейін іздестіріп көріп едік, ол бір татар жігіті болып шықты. Анасы оны некесіз дүниеге әкелген екен. Лаура бір жолы байланысқа шығып, балаларының жағдайын сұрады. Мен қарсы болмай сөйлестірдім. Бірақ ол балаларын тастап кеткенін ойламай, оларды маған қарсы қойып, «ұрып жатқан жоқ па?» деген сияқты сөздер айтты. Содан кейін балалармен сөйлестірмей қойдым. Олар да одан кейін аналарын іздеген  емес.

P.S. Алтынай Тапелованың  бастан кешкені шынында таңғаларлық. Мұндай ерлік тек үлкен жүректі адамдардың қолынан келеді. Жамбыл облысында тастанды балаларға  ананың аялы алақанын сездірген өзге де азаматтар баршылық. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Ботакөз Балиева өзінің төрт баласы бола тұра, тағы алты баланы асырап алған. Дәл сондай Тараз қалалық патрульдік полиция қызметінің инспекторы Ермек Нұрқожаев пен Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі Ұлдана Үзембаева да өзінің төрт баласына қосып, тағы төрт баланы бауырына басқан. Ең бастысы,  мемлекеттік қызметшілердің осындай мейірім танытып жатқаны қуантады.

Әрине, бұл теңізге тамған тамшы­дай ғана дүние екені анық. Себебі бүгінгі күні Жамбыл облысында  0-18 жас аралығында 427 465 бала болса, олардың 1 479-ы – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар. «Әттең, Алтынай Тапелова мен өзге де кейіпкерлеріміз сияқты әр қазақ ең болмаса бір баладан асырап алса, балалар үйінің есігіне қара құлып таңылар ма еді?» деген үмітті ой қылаң береді. Бұл айтуға ғана  оңай… 

Дереккөз: aikyn.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары