$ 449.58  486.94  4.86

«Саусағымды, аяғымды сындырды»: Степногор тұрғыны жергілікті полицейлерден қорлық көргенін жеткізді

«Біз соттың шешімін орындадық. Егер тұрғынның қандай да бір шағымы болса, онда жоғарыдағы құзырлы органдарға шағымдансын», - дейді полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сәкен Әбілмәжінов.

Ақмола облысының тұрғыны құқыққорғаушылардың заңсыз әрекетіне шағымданды. Өзін «жәбірленушімін» деп таныстырған Данияр Ысқақов 5 күн отырып шыққан. Оны жерілікті полиция «бұзақылық жасады» деп айыптапты. Артынан ол тәртіп сақшыларының заңсыз әрекетін дәлелдеп, сотта жеңіп шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Даниярдың айтуынша, ол ешқандай бұзақылық жасамаған. Керісінше, белсенділік танытып, бірнеше дүкеннің заңсыз әрекетін әшкерелепті. Ол бұған дейін де жергілікті атқамінерлердің атүсті жұмыстарын жариялаған. 

Әділдікті талап етіп, әділетсіздік құрбанына айналған ол «Астана» телеарнасынан араша сұрады. Редакциядан көмек сұраған Степногорск тұрғыны бұған дейін де бірнеше заңсыздықтың кұрбаны болған. Ал соңғы рет апатты емхана жайлы азірленген материалдан соң кұқыққорғаушылар мен медицина мамандарынан көрсетілетін қысым мүлде күшейді деп отыр.

«Учасковой маған «Ертең сені соттап жібереміз, сөйтеміз, бүйтеміз» деп айта бастады. Алдында УВД-да ұрып тастады мені. Саусағымды, аяғымды сындырды. Гипспен жүрдім қанша күннен бері. Үш күннен соң ғана шештім», - дейді жәбірленуші. 

Ол әділдік іздеп талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Жауаптылар әдетінше «шешеміз» деген жауаппен қайтарыпты. Қалалық полиция басқармасының басшысы тілшілермен сұхбаттасуға құлық танытпаған. Артынан олар соттың шешіміне сәйкес әрекет еткендерін жеткізді.

«Айыпталушы екі рет бұзақылықпен ұсталған. Ал соңғы әрекетінде сот 5 күнге әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім шығарды. Біз соттың шешімін орындадық. Егер тұрғынның қандай да бір шағымы болса, онда жоғарыдағы құзырлы органдарға шағымдансын», - дейді полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сәкен Әбілмәжінов.

Данияр Ысқақов бұған дейін де облыстық басқармаға талай арызданыпты. Іс орнынан қозғалмаған. «Баяғы жартас – сол жартас». Ол енді Бас прокуратураға шағым түсірмек.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары