Күні кеше Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында бүкіл елді дүр сілкіндірген тәртіпсіздіктер орын алды. Оқиғаның неден басталғаны, қалай өрбігені жайлы өз көзімен көрген қала тұрғындары айтып берді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Тұрғындардың сөзіне сенсек, Жезқазған қаласының тұрғыны, анасы мен қызы Сәтбаев қаласына қонаққа келген.
"Бір апта бұрын туысы қайтыс болып, соның жетісін өтізбек болған. Анасының жағдайы ауыр болған, себебі жақында жақынынан айырылған. Олар қыз табылған үйдің 5-қабатына қонақ болып келген. Басында шал (күдікті - ред.) органдармен ұрысты. Полиция іздегенде қыз диванның астында жатқан. Қызды жалаңаш күйі ақ матаға орап алып шықты. Қазір ол жансақтау бөлімінде. Көшеде атын атап, "Қызым, келші" деп дауыс зорайтқышпен іздеді", осылайша халық жиналып кетті", - деп айтты тұрғындардың бірі.
Желі қолданушылары осындай оқиға тағы қайталана ма деп қорқатынын айтады.
"Сенесіз бе, аспан да, Алла да бізбен бірге жылауда. Сәтбаевта жаңбыр құйып жатыр. Періштедей қыздан шал артық болды ма? Неге бермейді? Қызды өлтіріп қойғанда не болар еді? Бір педофилдің кесірінен бүкіл қала ұйқысыз қалды. Жазықсыздарға бірдеңе болып қала ма деп қорқамын", - дейді желі қолданушылардың бірі.
"Қаншама зорлану болды. Бізде оған заң жоқ. Әкім де келді осы үйге. Басында тығып отырды, кейін алып шықты. Пәтердің алдында 4 сағат митинг болды. УВД-ға алып кетті деген соң, халықтың жартысы сонда кетті. Ол жақтағылар бізде емес деп, аспанға 1-2 оқ атып халықты тыныштандырмақ болды. Ашынған халық таспен атты, одан соң граната жарды. Педофилді халыққа беруін талап етті. 3-4 жыл отырып, қайта шығады, сосын бұл оқиға тағы қайталанады десті", - дейді тағы бір желі қолданушысы.
Тағы бір Сәтбаев тұрғыны Юлдуз Ульжаева оқиғаның өзінің тұратын жеріне жақын жерде болғанын айтады.
"Бұл үй мен тұратын жерден 5 минуттық жерде. Қыздың табылуын бәріміз Алладан тіледік. Қыздың ата-анасын тастап кетпей, көмектескен жандарға алғыс. Өте ауыр жағдай. Ол адамның 3-4 жылға сотталып, кейін қайта бостандыққа шыққанын мен де қаламаймын. Тиісті жазасын алу керек", - дейді ол.
Айта кетейік, оқиға қатысты қала әкімдігінде күдікті полициямен қамауға алынғанын айтқан.
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазіргі таңда оқиғаға қатысты барлық шаралар жасалып жатқанын жеткізіп, қаладағы жағдай тұрақты екенін айтып мәлімдеме жасады.
Еске салсақ, кеше түнде Сәтбаев қаласында 5 жасар бала жоғалып кетті, кейіннен қыз бала басқа біреудің пәтерінен табылды.