Түркістан облысы Сайрам аудандық ПБ-ның қызметкерлері тұрғындарды асыл тұқымды жылқы, сиырлар әкеліп беремін деп алдаған алаяқты ұстады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Күдікті сеніміне кіріп, алдау жолымен жәбірленушілерден 150 миллион теңгеден астам ірі көлемді қаржыны жымқырған. Тамыз айының басында аудандық ПБ-на жергілікті 5 тұрғын арызданып келеді.
Жәбірленушінің бірі 2019 жылдың ақпан айы мен 2020 жылдың шілде айлары аралығында сырттай танысы Қостанайдан асыл тұқымды сиырлар әкеліп беремін деген сылтаумен 77 миллион теңгесін алаяқтықпен алдап алғандығын айтып шағымданған.
Ал келесі жәбірленуші болса, күдікті адам Солтүстік Қазақстаннан жылқылар әкеп беремін деп, 2,4 миллион теңгесін жымқырып, уәдесін орындамай кеткендігін хабарлады.
Үшінші жәбірленушіден 10 миллион алса, енді бірінен 200 бас жылқы үшін 77 миллион, соңғысынан 8 миллионға жуық ақша алған. Осылайша, күдікті жәбірленушілерге берген уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай, уақыт созып жүріп алған.
Аталған жайттар Сайрам аудандық Полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркелген. Сайрамдық полицейлер күдіктіні ұстау мақсатында жәбірленушілерден жауап алып, жедел-іздестіру шараларына кірісті. Нәтижесінде, күдікті ретінде жергілікті жігітті ұстады. Тергеп-тексеру барысында қолға түскен күдіктінің алаяқтықтың 5 жайтына қатыстылығы және жәбірленушілерге 170 миллион теңгеден астам шығын келтіргендігі айқындалды.
Күдікті алған ақшалардың бәрін өз қажетіне жаратып тастаған. Кінәсін толық мойындап отыр. Қазір полицейлер оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.