Ер адам үйде ешкім болмаған кезде үйді түгелімен өртеп, сол жерде арақ іше бастаған. Өз ісін «тындырғаннан» кейін ол өртке оранған жерден кетіп қалған, деп хабарлайды NUR.KZ, Ақтөбе қаласының №2 сотына сілтеме жасап.
31 жастағы Ақтөбе тұрғыны зайыбымен ажырасқаннан кейін оған сес көрсетіп, балаларымен бірге тұратын әкесінің үйін өртеп жіберемін деп қорқытқан. Өз ойын қалай да жүзеге асыруды көздеген ол, өзінің бұрынғы қайын атасының үйіне ешкім болмаған кезде кіріп, от қойған. Тілсіз жау аумақты түгел жайлап болғанша арақ ішіп, артынша ізін суытып та үлгерген.
Баспана өртеніп кеткен соң ондағы барлық дүние жарамсыз болып қалған. Үй иесі бұрынғы күйеу баласына 3 миллион 465 мың теңге шығынын өтеуді талап етуде. Сотталушының бұрынғы әйелі сотта бұрын оны өртеп жіберемін деп қорқытқанын айтты. Айыпталушы болса, кешірім сұрап, өзін қатаң жазаламауды өтінген. Жәбірленуші сот отырысы барысында бұрынғы күйеу баласын кешірмейтінін мәлімдеп, соттан оны бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот ақтөбелік азаматты үйді қасақана өртегені үшін 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды және барлық шығынның орнын толтыруды міндеттеді. «Жазасын өтеу орны орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі болып белгіленсін», - деп қаулы етті Ақтөбе қалалық №2 соты.