Павлодар облысында қол астындағы жұмыскерінің өлімінен кейін спорт мектебінің директоры қамауға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Шарбақты ауылында болған. Мектеп директоры мен оқу орынбасарының арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Салдарынан, директордың орынбасары ауруханаға түсіп, біраз күннен кейін көз жұмған.
«Қазіргі таңда адам өміріне алып келген дене жарақаттарын келтіргені үшін ҚР ҚК-нің 106-бабы, 3-бөлімі («Абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша соталды тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті ретінде 50 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Оқиға көшеде болған. Қазір күдікті абақтыға жабылды», - дейді облыстық ПД басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Егер директордың кінәсі анықталса, ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жергілікті мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің өкілдері төбелес мекемеден тыс аумақта болғанын айтады.
«Жұмыс орнында екеуінің араздасып қалғанын ешкім көрмеген. Олар – бұрыннан бірге қызметтес болып келген спортшылар. Спорттық жетістіктері де бар. Болған жайт біздің жағамызды ұстатты. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр», - дейді әкімдіктегілер.
Марқұмның артында әйелі мен бір баласы қалыпты.