Шығыс Қазақстан облысында мас жүргізуші 4 баланы қағып, оның біреуі ауруханаға жетпей мерт болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 5 қыркүйекте сағат 18:50 шамасында Бородулихо ауданының Жаңа Шүлбі ауылында болған. Mitsubishi Chelengerе көлігін тізгіндеген 31 жастағы жүргізуші мастықпен «айналу» маневрын жасап жатқан кезде рөлге ие бола алмай, 5, 10, 11 және 12 жасар 4 баланы қағып өткен. Балалар жолдың төңірегінде ойнап жүрген.
Жол апаты салдарынан 10 жасар қыз жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Қалған балалар түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп атап өтті облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Қазіргі уақытта жүргізуші ұсталып, аудандық полиция бөлімінің уақытша тергеу изоляторына қамалған. Полиция ақпараты бойынша, аталған қылмыс үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 10 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығына тыйым салу жазасы көзделген.