Ақмола облысында жантүршігерлік жағдай – Қорғалжын ауылында ағалы-қарындасты екі бала трактордың астына түсіп қалған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Оқиға тал түсте болған. Жол жиегінде жүрген балалар шөп артылған үш тіркемесі бар трактордың тоқтап тұрғанын көреді. Олар екі тіркеменің ортасын жалғаған темірдің үстіне жайғасып алып, ойнамақ болса керек.
Трактор алға ала жөнелгенде екеуі де ұшып түсіп, дөңгелектің астында қалған. 8 жастағы ұл сол жерде жан тапсырды. Ал түрлі дене жарақатын алған 5 жасар қыз Нұр-Сұлтан қалалық ауруханасының жан сақтау бөлімшесінде жатыр.
"Қазір жол жүру ережесін өрескел бұзып, адам өліміне әкелу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Түрлі сараптама тағайындалды. Трактор жүргізушісі тергеуге келуге міндеттелді", - деді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Пинчук.