Алматыдағы "Асыл арман" сыраханасындағы отырыс атыспен аяқталды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Кешеннің тұрғындары жабылып жүріп, сыраханаы жаптыра алмады. Карантинге пысқырмай, ала жаздай мазаны алғаны өз алдына, енді клиенттері топтасып төбелесіп, тіпті, қару қолдана бастапты.
Кешенде 20 мыңнан аса адам тұрады. Онсыз да адам қарасы көп жиылған жерде карантин уақытында жағдай тіптен ушыққан. Шектеуге шекесінен қараған кәсіпкерлер сыра сатуын күндіз-түні тоқтатпаған. Ащы суға елірген клиенттері түнімен ұйқы бермейді. Бірнеше күн бұрын ғана осындай көңілді отырыстың соңы атыспен аяқталған.
"Атыс болды. Травматикалық қарудан ба, білмеймін. Бірақ атып жатқан кезде ұшқын шығып жатты. Балконға шығып қарадық. Түн ортасында шудан оянып, қарасақ, 5-6 жас бала жүр. Сырахана қожайыны ол кісінің жұбайы, барлығы бір-бірімен ұрсысып, айқайласып, төбелесті", - деді Динара Дүйсебаева. Аулада атыс болғаны жайында әлеуметтік желіде тараған ақпаратты ести сала, полиция департаменті істі анықтауға кіріскен. Тентек те алысқа ұзай алмапты.
"Жедел іздестіріп, 26 жастағы жергілікті тұрғынды таптық. Пиротехникалық бұйымдарды белгіленбеген жерде, яғни «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің аумағында қолданғаны белгілі болды", - Алматы облыстық ПД ресми өкілі Серік Үпиев.
Ал кешендегі ығы-жығы жұртқа сыраханалардың маңайдағы ауылдардан жиналатын клиенттері қосылған. Түн ұйқысы бұзылған тұрғындар бұған тыйым салынсын деп отыр.
"Көлікпен келеді, музыканы қатты қойып қояды. Бұл жерде кәрі шалдар, ауырып жатқан кемпірлер, жас балалар бар, ұйқысы бұзылды. Тәртіп деген жоқ", - деді Мәулетхан Закарияұлы.
Әзірге тұрғындар кешкі рейдке өздері шығып жүр. "Сырахана жұмысына түпкілікті тоқтау болмаса, тексерісті өзіміз жалғасытар береміз" дейді олар.