Павлодар колониясынан қауіпті қылмыскерлердің қашып кеткені туралы WhatsApp-та тараған ақпарат расталмады, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Әбдуғалиева.
"Әлеуметтік желілерде АП-162/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқан үш сотталушының қашып кеткені туралы ақпарат таралып жатыр. Осыған байланысты бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Павлодар облысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен қашу және жазаны өтеуден жалтару фактілері тіркелмеді. Фотосуретте көрсетілген адамдар АП-162/4 колониясында болмаған", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Баспасөз қызметі қасақана жалған ақпарат таратқандар Қазақстан Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Бұған дейін Павлодардағы колониядан аса қауіпті қылмыскерлер – зорлықшы, кісі өлтіруші, маньяк қашып кеткені туралы ақпарат тарап кеткен болатын.