15.09.2020, 09:40

Павлодарда ақыл-есі кем балаларды тағы екі қызметкер төсекке байлап, азаптаған

фото: pixabay.com
Тағы 9 қызметкердің ісі сот қарауында жатыр.

Ақыл-есі кем балаларды азаптағандарды жазалау әлі жалғасып жатыр. Павлодарда жүйке жүйесінде ауытқуы барларды емдейтін орталықтың тағы екі қызметкері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап. 

Екі маманның жеткіншектерді қинап, төсекке байлап ұйықтатқаны расталса да, тек бас бостандығын шектеу жазасымен құтылды. Өйткені екі тарап арасында келісім болған.

"Қала прокуроры мен күдіктілер арасында кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасалды. Сот үкімімен Павлодар қаласының психоневрологиялық орталық қызметкерлері кәмелетке толмағандарды азаптап, үш жыл алты айға бас бостандығынан шектеу жазсына тартылды. Сот үкімі заңды күшіне енді", - деді Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз хатшысы Гүлсім Ахтаева.

Орталық қызметкерлеріне қатысты сот процесі жабық жағдайда өтті. Екеуі де кінәсін мойындаған. Жалпы, адам қорлау дерегімен 16 қылмыстық іс қозғалған болатын. Бұған дейін бес санитар үш жарым жылға шартты мерзімге сотталған. Тағы 9 қызметкердің ісі сот қарауында жатыр. Ақыл-ойында ауытқуы бар жеткіншектерді азаптауға қатысты жантүршігерлік дерек осы жылдың мамыр айында анықталған. Оны прокурорлар бақылау камерасын тексеру арқылы әшкерлеген.