Павлодарлық тұрғын досының атынан 14 несие рәсімдеген және оның бәрін жасырын түрде жүзеге асырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша, Павлодар қаласының тұрғыны белгісіз біреу оның атынан 2,5 миллион теңге несие алғанын айтты. Сонымен қатар, ер адам қарыз туралы несие ұйымдарынан ақшаны қайтаруды талап ете бастағанда ғана білген. Аң-таң болған жігіт полицияға хабарласады.
«Тергеу әрекеттері барысында полиция қызметкерлері өз кінәсін мойындаған, осы қылмысты жасаған күдіктіні анықтап, ұстады. Ол жәбірленушінің ең жақын досы болып шықты»,- деді полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов.
Өткен жылы күдікті жолдасынан жалақы алу үшін банк картасын ашуды сұрағаны белгілі болды. Досы болған соң, жәбірленуші сөзсіз көмектесуге келіскен. Бірақ кейін белгілі болғандай, күдікті досының жеке мәліметтерін біліп, банк картасын иемденіп, шағын несие беру ұйымдарынан 14 кредит рәсімдеген. Ол алған ақшасын букмекерлік компаниядағы ставкаларда жоғалтты.
Ұсталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.