Алматы барларының бірінде ер адам журналист Әлима Пардашеваны қылғындырып, смартфонын тартып алмақ болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Журналистің айтуынша, оқиға кешке болған. Шабуыл жасаған адам өзін бардың күзетшісі ретінде таныстырған.
«Екі сағат бұрын біз менің арнамның бір жылдығын атап өткенбіз. Досыммен бірге көшеге шықтым. Кейін жаныма ер адам келді. Ол өзі туралы айта бастады. Сосын қалтамдағы телефонымды ұрламақ болды. Одан телефонымды жылдам тартып алдым. «Неге мені тонамақ болдыңыз?» деп сұрағанымда, ол ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Жерге құлатып, қылғындыра бастады. Қазір полицияда арыз жазып отырмын» деп жазды ол, жұма күні өзінің Telegram-арнасында.
Ол көмекке адамдарды шақырғанда, барда күзетшілер болмаған. Оны жанындағы құрбысы мен куәгерлер құтқарып қалған. Журналист кейін өздері отырған бардың атауы «Circle Bar» екенін жазды.
«Сөйтсем, мен оның жалғыз құрбаны емес екенмін. Департаментте тағы бір жігітті кездестірдік. Оның да сол біз барған барда iPhone телефонын ұрлап кетіпті. Оны да қылғындырған, ол есінен танып қалған», - деді Медеу аудандық полиция басқармасына барған Әлима Пардашева.
Айтуынша, басында полиция болған жағдайды тіркегісі келмепті. Себебі, жәбірленушінің денесінде жарақат болмаған. Алайда, кейін олар жағдайды бейнебақылау камералары арқылы тексеруге уәде берген.