Өскеменде белгісіз адам ойыншық тапаншамен гүл сататын дүкенге қарақшылық шабуыл жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Полиция қызметкерлері гүл сататын дүкеннің сатушысын тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, кассадан 40 мың теңге алып, бой тасалаған күдікті ер адамды ұстады. Сатушы қылмыс жасалғаны туралы полицияға хабарлаған. Дүкен ішінде видеокамера болмаған. Дегенмен, «Сергек» аппараттық-бағдарлама кешенінің және зардап шегушінің күдіктіні сипаттап беруінің арқасында Өскемен қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері оны анықтап, ұстады. Ұсталған адамнан қара түсті ойыншық тапанша мен ақша қаражаты тәркіленді», - деді Өскемен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ғалымбек Тұрысбеков.
Полиция басқармасының мәліметінше, ұсталған 40 жастағы қала тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.