$ 494.87  520.65  4.91

Телефонмен сөйлесіп тұрғанда көз жұмған қыздың әкесі не болғанын айтып берді

15 жастағы Ақерке Әділханның әкесі қызының кешкі астан кейін өз бөлмесіне шығып кеткенін, он минуттан кейін сол жерде ес-түссіз күйінде табылғанын айтты.

Қайғылы оқиға Алматы облысында 15 жастағы жасөспірім қуатқа қосылып тұрған телефон арқылы сөйлесіп тұрған кезде болды. Оны тоқ соғып, мектеп оқушысы сол сәтте тіл тартпастан ажал құшты, деп хабарлады КТК.

Қарғалы ауылының 10-сыныпта оқитын тұрғыны өткен сенбіде сыныптасымен телефон арқылы сөйлесіп тұрған, кенет оны тоқ соғады. Мұны көрген жақындары дереу жедел жәрдем шақырған, алайда ол оқиға орнында жан тапсырды.

"Телефоны балқып кеткен, оның іздері бетінде қап-қара болып тұр. Телефон арқылы тоқ ұрып, құлақ жағынан миына әсер еткен, миынан бірден жүрекке барған. Жүрегі сол кезде тоқтаған деді ғой", - дейді марқұмның әкесі Ақылжан Өмірбаев.
Әкесінің айтуынша, кешкі астан кейін қыз басқа бөлмеге шығып кеткен. Он минуттан кейін ес-түссіз күйде табылды.

Марқұмның әкесі үйдегі электр желісінде ешқандай ақау болмағанына сенімді. Сол күні басқа техника күймеген. Сондықтан қайғылы оқиғаға сапасыз қуаттағыш құрал себеп болды деп топшылап отыр.

Марқұм соңғы телефон қуаттағышын ауыл ішіндегі базардан бір ай бұрын 3000 теңгеге сатып алған. Осындай жерден смартфонның кез келген түрін қуаттайтын құрал табылады. Алайда сапасы мен қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бермейді.

"Мұндай жағдай көбіне сапасыз қуаттағыш қолданғаннан, құрылғыны дұрыс пайдаланбағаннан, не болмаса жасырын зауыт ақауынан болуы мүмкін. Сондықтан қуаттағыштың түпнұсқасын қолдану керек. Немесе ең сапалысын таңдау қажет", - дейді телефон жөндеуші Александр Гросс.

Қазір бойжеткеннің қуаттау құрылғысы мен балқыған телефоны сараптамаға жіберіліп, тергеу басталды.

"Алғашқы болжам бойынша қыз қуатталып тұрған телефон арқылы тоқ алған. Қазір аталған дерек бойынша адам өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

Қайғылы оқиғаның нақты себебін сараптама қорытындысы көрсетеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары