Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйден өрт шығып, 3 бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«14 қазан күні 101 пультіне Сарыарқа көшесіндегі 11-үйдің 7-қабаттындағы балконнан түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Сағат 09.21-де Нұр-сұлтан қаласы ТЖ департаментінің Өрт сөндіру бөлімшелерінің 20 құтқарушысы мен 6 техникасы шақыру орнына шықты. Олар 7-қабатта 10 шаршы метр алаңда үй заттары мен терезе жақтауы өртенгенін және 8-қабаттың балконы зардап шеккенін анықтады. Үй тұрғындары өздері эвакуацияланған», - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт сағат 09.32-де оқшауланды және сағат 09.48-де толық сөндірілді.
«Елордалық өрт сөндірушілердің бірі 4 адамды құтқарды, оның арасында 3 бала бар. Қаза болғандар жоқ, қазіргі уақытта құтқарылған тұрғындар жеңіл дәрежедегі улану диагнозымен №1 қалалық ауруханаға және №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Өрттің шығу себебі анықталуда», - дейді қалалық ТЖД.