Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы пойыз жолсеріктері журналистерге жанайқайын жеткізді. Компания басшылығы еңбек-келісім шартын сақтамағаны былай тұрсын, қатынап жүрген вагондарының сапасы сын көтермейді дейді. Жауапты басшылар былыққа қазір назар аудармаса жолаушылардың өміріне қауіп тұр деп дабыл қағуда, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Маңғыстау-Ақтөбе бағытына күн сайын пойыз қатынайды. 3 құрам, 6 бригадада 132 адам еңбек етеді. Тасымалдаушы компанияның бас кеңсесі Ақтауда болғанымен, жолсеріктер Ақтөбеге сапарында жанайқайларын айтуға бел буыпты. Өйткені, қызметкерлердің басым-көпшілігі Ақтөбе тұрғындары. Арасында теміржол саласында 20 жылдан астам еңбек еткендері бар. Бұған дейін "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясының қарамағанында болған мекеме бір жыл бұрын жекенің қолына өткен. Жолсеріктер содан бастап шаруаның шырқы бұзылды деп отыр.
"Жаздыгүні плацкарттар жүрді. Дизельмен жүрді, кәдімгі дизтопливомен. Ол пожарная безопасность қайда? Кәдімгі 4 вагон жүрді. Қайда қарап отыр, КТК қайда, комитет транспортного контрлоя? СЭС қайда? Ешкім біздің жағдайымызды сұраған жоқ. Талабымыз үкіметке қайтып берсін, біз жекеде болғымыз келмейді", - деді Маңғыстау стансасының жолаушылар тасымалы бойынша жолсерік Гүлшат Сисенова.
Жолсеріктер санамалар берген олқылықтар жалғыз бұл емес. Ескі-құсқы вагонның азабын әбден тартқандарын жеткізді. Тіпті, кейде ескірген техниканы іске қосу үшін біраз тер төгетіндерін айтып отыр.
"Плацкартный вагондарды купеге жасаған. Қыста вагон салқын, туалеттер қатады. Титандар қатады. Перекачка воды дейді, системаға су келтіру напормен,. Соны біз проводник 300 перекачка жасаймыз. Ол 5 перекачка жасағанда келуі керек. Сонда не біз темірден жаралған адамбыз ба?", - жолсерік Гүлнәр Жаманова.
Жолсеріктердің шағымы жалғыз бұл емес. Індетке байланысты 3 ай жұмыс тоқтап тұрған. Келісім-шартқа сәйкес, жалақыларының 50 пайызы төленуі тиіс болыпты. Бірақ соның өзін толық төлемегенін айтқан еді. Бірақ, компания өкілі бұл шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Ал кей вагондардың дизель отынымен жүруге рұқсат беретін сертификаты бар деп отыр.
"Вагон лас емес, шамалы анау-мынау болады, бірақ обсуживающая компания бар, мойщиктері. Бәрімен бірдей келіспеймін. Техническое состояние, по технике безопасности бәрі бар. Біздің компанияға бір жыл болды. Бірден даже Үкімет ала алмай жатыр новый вагон. Жайлап-жайлап вагондар өзгертілді", - дейді "Otpan Logistic" ЖШС Ақтөбе стансасындағы өкілі Серік Бұқарбаев
Компания өкілі техниканы лезде жаңалауға пандемияның да кесірі тиді дейді. Жұмыс тоқтап, пайда таба алмағандарын алға тартты. Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы қатынас қыркүйектің аяғында ғана жанданған.
Маңғыстау-Ақтөбе бағытына қатынап жатқан бұл вагондар зауыттан 1991 жылы шыққан. Компания өкілдері барлығын бірдей жаңалауға жағдайымыз келмейді дейді. Мысалы, қазір қатынап жатқан 8 вагонның жетеуін жалға алып отыр екен.
Ал жергілікті басшылардан көңілі қалған жолсеріктер шағымдарын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен көлік прокуратурасына жолдамақ.