ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша 21 қазанда сағат 00:07-де Қарағанды қаласындағы "Арай" базарындағы өрт туралы хабар түскен, деп хабарлайды zakon.kz.
Өрт сөндірушілердің оқиға орнына бару уақыты 6 минутты құрды. Келген сәтте базар аумағында контейнерлер ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Объектінің электр тогынан ажыратылмағаны, сондай-ақ жақын тұрған басқа контейнерлерге оттың ауысу қаупінің болуымен өртті сөндіру қиындай түскен. Өрт сөндірушілер жапсарлас орналасқан контейнерлерді ашып, олардан материалдық құндылықтарды құтқарып қалды.
Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД-нің 50 адамы мен 11 техникасы жұмылдырылды. Қабылданған шаралармен өрт 01:23-те жойылды. Өрт 14 сауда контейнерінде 200 ш.м жалпы ауданында орын алды.
Жанып жатқан контейнерлердің бірінде өрт сөндірушілер үлкен сомма ақша тауып, оны иесіне қайтарды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда.