Алматы облысының Ұйғыр ауданында екі ер адам қайтыс болды. Олар демалыс аймағы маңында кәріз құбырларын қойып жатып, топырақ үйіндісінің астында қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ұйғыр ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы жағдай 17 қарашада Шоңжы ауылынан 70-80 шақырым жерде орналасқан демалыс орнында болған.
"Марқұм жұмысшылардың бірі Шығыс Қазақстанның 43 жастағы тұрғыны, екіншісі 34 жастағы Қарасай ауданының тұрғыны. Каналды қазу кезінде екеуін де топырақ басып қалған. Қазір құқық қорғау органдары факті бойынша қажетті тексеруді жүргізуде", - деді Ұйғыр ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақжол Тұрахан.
Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 4-бөлігіне сәйкес (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыратын еңбекті қорғау ережелерін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.