Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен аса ауыр қылмыс жасаған Жітіқара қаласының үш тұрғыны сотталды. Оның бірі өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2019 жылдың жазында сотталушы Ч. Ресейден Жітіқараға келіп, бұзақылық, тонау және жымқыру секілді қылмыстарды жасаумен айналысқан. Ол өзінің қылмыстық әрекетіне 14 жасар екі бозбаланы тартқан. Оның біреуі - Ч-ның туысы.
Олардың достығы аса ауыр қылмыспен аяқталды. Үшеуі екі адамды өлтіріп, алдын ала ойластырмай тағы бір адамды аңдаусызда өлтіріп қойған.
Бірінші жағдайда Ч. өзі ғана өлтірсе, екінші қылмыс кезінде ол бәрін ұйымдастырып отырды. Яғни Л. атты жасөспірімді мас қылып, қолына пышақ берген де, алдында ұрып-соғып есінен тандырған адамды өлтір деп тапсырған.
Марқұмдардың бәрі - тұрғылықты үй-жайы жоқ қаңғыбастар болатын.
Айта кету керек, Ч. Ресей Федерациясында бірнеше рет сотталған. Ол адамды ауыр жарақаттап, өлімге жеткізу, жасөспірімдерді қылмысқа тарту секілді айыппен түрмеде отырып шыққан.
Сотталушылардың кінәсі өздерінің сөзімен, жәбірленушілер және куәгерлердің берген түсініктемесімен, сараптама қорытындысымен толық дәлелденді. Дегенмен, Ч. өз кінәсін мойындаған жоқ.
Сот Ч-ны өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Ал жасөспірім Л. кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін жеткізді, қылмысты ашуға көмектесті, кісі өлтіруге 14 жасында, үлкен адамның мәжбүрлеуімен барғанын айтты. Сот осының бәрін ескере отырып, оны 7 жылға соттады. Ал К. атты екінші бозбалаға 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.