Түркістан облысында "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы барысында 6 500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Жас Алаш.
Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлері 23-30 қараша аралығында облыс аумағында “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Тәртіп сақшылары облыс бойынша іс-шараның сегіз тәулігінде 170 қылмыс тіркеп, оның 132-сін ашты. Бұрын жасалған 13 қылмыс ашылды. Іздеуде жүрген сегіз қылмыскер ұсталды. Есірткі затын сақтау және тасымалдау бойынша жеті жайт анықталды. Атыс қаруын тасымалдау және сақтау бойынша бір дерек айқындалды.
Есепте тұрған сегіз азамат "Заңсыз келуші" ретінде ұсталды. Жалпы, жедел-профилактикалық іс-шараның қорытындысымен 6 648 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде қоғамдық қауіпсіздік саласында: Алкогольді сату ережелерін бұзумен (ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы) 34 құқық бұзушылық анықталды. Ұсақ бұзақылықпен (ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы) 656 жайт тіркелді. Қоғамдық орында ішімдік ішкені және мас халде жүргені үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы) 413 дерек белгілі болды. Ал, жол қауіпсіздігі бойынша, Жолдың қарсы бағытына шығумен (ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы) 42 құқық бұзушылық анықталды.Көлік құралын мас халде басқарған (ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы) 39 азамат анықталып, ұсталды. Жаяу жүргіншілерге басымдылық бермеудің (ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы) 190 жайты тіркелді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері кезекті тәртіп бұзушылықтың, қоғамдық орында болған құқық бұзушылықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның “102” нөміріне хабар беріңіздер деп ескертеді.