Алматыда сарбаз асылып өлген Ішкі істер министрлігі академиясының басшылары қызметінен қуылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.
Басшымен бірге бес адам жылы орнын босатқан. Тағы 11 қызметкер қатаң тәртіптік жазаға тартылды. 19 жастағы оралдық курсант академияның асханасында асылып тұрған күйі он күн бұрын табылған.
Бірақ шулы іс енді ғана белгілі болып отыр. Ал қайғыдан қан жұтқан марқұмның анасы ұлының өліміне сондағы офицерлерді кінәлайды. Айтуынша, марқұм офицерлердің ақша сұратып жатқанын айтып екі күннің бірінде смс-хабарламалар жолдайтын болған.
Бекзат Иманғалиева «елін ұры-қарыдан қорғайды» деп ұлын Ішкі істер министрлігінің Алматыдағы академиясына түсірген. Енді сондағы «қорқаулардан» баласын қорғап қала алмағанына өзегі өртеніп отыр. Айтуынша, бәленің бәрі Саламат үшінші курсқа өткенде басталыпты. Бастапқыда баласы 60 мың сұраған. Содан күнделікті 100 мың, тіпті 300 мыңдап сұрайтын болған. Тіпті уақтылы тауып бермесе, ол сома өседі екен. Анасының сұрағына жауап беруден жалтарған жігіт ақыры офицерлердің сұратып жатқанын айтып, мойындапты.
«Быстрые деньги» дейді ғой, солардан кредитқа ақша алған. Оларын төледік. Жалғыз мен емес, төлеген ата-аналар жетерлік. Балалар мөлшерлеме тігіп, ойын ойнайды екен. Неге десем: «Барлық балалар ойнайды, себебі – қарыздардан құтылу үшін, ата-анаға білдіртпес үшін, офицерлердің сұраған ақшасы үшін». Өкінішті, балам тірі кезінде неге осыны айтпадым екен! Баламнан зор үміт күттім, болашағы жарқын еді», - деді марқұмның анасы Бекзат Иманғалиев.
Ал соңғы мәрте марқұм болған сарбаз үйінен 400 мың теңге сұратыпты. Бірақ отбасы ол смс хабарламаны тым кеш көрген. Сол күні, яғни 13-желтоқсанда Саламат Өтегеновтің мәйіті академияның асханасынан табылды. Белгілі болғандай, жігіт өзінің мойын орағышына асылып қалған. Ал сұмдық жайт Мақан Есболатов атындағы білдей академияның ғимаратында болған. Мәліметтерге қарағанда, жігіттің сонда кіріп бара жатқанын кезекшілікте тұрған өзге сарбаздар көрген көрінеді. Бірақ академияның іші-сырты таспаға толып тұрғанына қарамастан, ол сәт ешбір камераға түспепті. Ал оқиғаның өзі он күн бұрын болған. Десе де ол туралы енді ғана белгілі болып отыр. Сарбаздың асылып қалғаны туралы ел білгенде барып, іле-шала Ішкі істер министрілігі академия бастығын қызметінен босатты.
Тағы оқи отырыңыз: ІІМ академиясында курсант өз-өзіне қол жұмсады
Өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылау жүргізбегендіктен, Ішкі істер министрінің бұйрығымен Академия бастығы Өмербай Хозияшұлы Смайылов атқарып отырған лауазымынан босатылды. Оқу орнына Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің басшылығы мен жауапты қызметкерлерінен арнайы топ жіберілді. Басшымен қоса, тағы бес адам жылы орнын босатқан. Ал курсанттарға бас-көз болуы тиіс 11 қызметкер тәртіптік жазамен құтылды. Қазір полиция небәрі 19 жастағы жігітті өлімге итермелегендерді іздеуге кірісті.
«Аталмыш дерек ҚК 105-бабы, яғни «Суицидке итермелеу» дерегі бойынша сот алды бірыңғай реестрге тіркеліп, қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу басталып кетті», - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ішкі істер министрлігіне қарасты академиялардағы былық бұған дейін де талай мәрте айтылған. Мәселен, Қарағандыдағы курс басшылары өздерін «банда», тіпті түрме тілімен «братва» атап, ақыры жұмыстан қуылып тынған болатын. Ал Алматыдағы академияның ішінде асылып өлген курсанттың анасы ұлының өліміне жауаптыларды тауып, жазаға тартуды сұрайды.