Атырауда "Теңізшевройл" сияқты ірі кәсіпорындарға қызмет көрсететін жеке клиника медбикелері басшылық тарапынан қысым көрген, деп хабарлайды Астана арнасы.
Бүгін олар арыз-шағымдарын айтып емхана алдына жиналды. Айтуларынша, бәріне себеп пандемия болған. Медбикелер COVID-19-ға шалдыққандарды емдегені үшін басшылықтан үстемақы сұрапты. Бұл басшылыққа жақпаған. Емхана басшылары белсенді медбикелерге қысым көрсетіпті.
Пациент оң болса да, теріс болса да, ішінде 4 сағаттап жүрдік. Енді провизорный стационардың ішінде жүріп, енді біздер үстемақымызды сұрасақ, «инфекционный статуспыз ба»,- деп сұрасақ оған біздер жауап бермейді. Сосын біз өзіміз алдық та прокуратураға жаздық. Соны сұрағанымыз үшін бізді қудалап жатыр.
«Қудалауға түскеніміз біздің үстемақыны сұрап құқық органдарына сол хабарлама түсіргеніміз үшін деп ойлаймын. Бұл адамның қыр соңынан қалмау. Мені қудалау деп есептеймін», - деді медбике Сәуле Ризуанова.
Ал, «Prospekt Medikal Caspian» медициналық мекеменің басшылығы болса бұл ақпаратты, жоққа шығарып отыр. Қалай болғанымен 6 медбике арызы бойынша комиссия құрылды. Бұл іске еңбек инспекциясы мен прокуратура араласқан.
«Біздің жалақымыз жоғары басқаларға қарағанда. Сол жалақының ішінде жұмысқа байланысты барлық қиындықтар соның ішіне кіреді деп есептейміз. Қысым деп есептеп отырғаны соңғы өзгерістерді айтып жатқан болар. Бірақ біздерге бір объектіден бір объектіге медициналық қызметкерлерді ауыстыруға қақымыз бар», - деді жеке клиника директорының орынбасары Айбар Ақеділов.