$ 494.87  520.65  4.91

«Бомба және террорист» туралы хабар елордалықтардың есін шығарды

Полиция қызметкерлері келіп, 60-қа жуық адамды эвакуациялаған, жарылғыш құрал табылмады.

16 қаңтар, сенбі күні кешке Нұр-Сұлтандағы "Тамыз" тұрғын үй кешенінің тұрғындарына пәтерлердің бірінде салынған бомба және "террористің ұсталғаны" туралы хабар тарады. Куәгерлер Tengrinews.kz редакциясына оқиға орнынан видео жіберді. 

"Көрші үйде бомба салынған. Бәрін эвакуациялады. Бір террористі ұсталды, қалғанын таба алмай жатыр. Есік алды полицейлерге толы. Адам көп. Он жыл ішінде мұндай ешқашан болған емес", - дейді кадр сыртындағы дауыс. 

Артынша жарылғыш құрал туралы ақпарат тарағаннан кейін тұрғындар эвакуацияланғаны белгілі болды. Ақпарат жалған болып шыққан, бомба табылмады. Толығырақ түсініктеме кейінірек беріледі. 

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, 16 қаңтарда сағат 22.03-те 102-ге тұрғын үйлердің бірінде бомба салынғаны туралы хабар келген. Полиция қызметкерлері келіп, 60-қа жуық адамды эвакуациялаған, жарылғыш құрал табылмады. 

"Күдікті ұсталды. Куәландыру нәтижелері бойынша ол мас күйінде болған. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеріс жүргізіліп жатыр", - деді полиция өкілдері. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары