Елде есірткі өндіру белең алып барады. Синтетикалық затты сайт арқылы сату да тыйылмай тұр. Сондықтан нашаны жарнамалағандарға енді жаза қатайды, деп хабарлайды qazaqstan.tv.
Жыл кіргелі Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе өңірлері мен Алматы қаласынан ұзын ырғасы 340 келі наша тәркіленді. 90 қылмыстың 59-ы өткізу, 28-і сақтау және 6-ы контрабанда. Ал былтыр 2100-ден аса есірткі қылмысы тіркеліп, 26 тонна зиянды зат жойылды. Оның 100 келісі синтетика. Қазір қиынға соғып тұрғаны да нашаның осы түрі.
"Бүгінгі таңда бұрынғы заман сияқты бір-бірімен кездесіп қолма-қол ақша айырбастап, болмаса кездесіп беру міндетті түрі емес. Олар жаңа тәсілдермен интернет дүкендерді пайдаланады. Қосымша мобильдік қосымшаларды пайдаланады. Соның арқасында сатушы мен алушы кездеспейді де, көрмейді де", - деді ҚР ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов.
Тапсырыс жасырын жерлерге жарнама арқылы жеткізіледі. Сондықтан жаза қатайды. Бұрын бұндайлар әкімшілік жазамен құтылса, қазір аса ауыр қылмысқа тартылады. Былтыр 106 дерек тіркелді. Егер есірткіні насихаттап немесе жарнамаласа, 3 жылға дейін сотталады. Ал бұл топпен, бірнеше мәрте, білім ұйымдары және қоғамдық орындар мен ақпарат ресурстарында жасалса жаза 6 жылға дейін созылады. Әрі электронды жүйені пайдаланып есірткі өткізсе 10-нан 15 жылға дейін, ал, нашаны қолдануға көндірсе 3-тен 8 жылға дейін темір торға жабылады. Бүгінде 850 сайт бұғатталған.