$ 494.87  520.65  4.91

Нұр-Сұлтанда салынып жатқан үйден құрылысшының мәйіті табылды

Айтуынша, құрылыс алаңында жұмыс істейтін бірде-бір адам болмапты.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Елордада жаңа салынып жатқан үйден құрылысшының мәйіті табылды. Полицияның дерегінше, жұмысшы жоғарғы биіктіктен құлап түскен. Марқұмның туыстары бұған құрылыс алаңында техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы себеп деп отыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

«Қайғылы жағдай түскі сағат 11-12 шамасында болған. Құрылысшы сол сәтте жоғарғы қабатта жұмыс істеп жатыпты. Кенеттен құрылыс материалы сынып, жерге құлап түскен. Өкінішке қарай, марқұм тілге келместен, бірден жан тапсырыпты», - дедә тілші Асылбек Данияр.

Суыт хабарды естіген марқұмның ағасы оқиға орнына дереу жеткен. Айтуынша, құрылыс алаңында жұмыс істейтін бірде-бір адам болмапты. 3 сағаттан бері оқиға болған жерде жүрген туысы компания өкілдері төбе көрсетпегеніне налыды. Ол жұмыс жайында техникалық қауіпсіздік сақталмағанына ашулы.

«Тіреуіш тұр ғой, тіреуіш, сонымен бірге құлаған. Соған ілініп тұрған дейді, өзім көрген жоқпын ғой. Ешқандай қауіпсіздік жоқ мүлдем. Бірінші қабатты жұмыс істеген бала ғой. Үстіне шығу үшін карточкасы болуы керек екен. Қауіпсіздік сақталған, белдік болған дейді. Ол белдікті балаға құлағаннан кейін де іле салуы мүмкін», - дейді марқұмның ағасы Сәби Қуанышбаев.

Опат болған азамат үйдің үлкені екен. Отбасын асырап отырған да осы бала еді деп күйінеді туысы. Соңғы рет інісін осыдан бір ай бұрын көргенін жеткізді. Жалпы, марқұм құрылыс саласында 3 жылдан бері жұмыс істеген. Қазір құрылысшының денесі мәйітханаға жеткізіліпті.

«Әке-шешесін асырып отырғаннан кейін, міндетті түрде моральдық шығынын талап етеміз. Енді оларды кім асырайды?», - деді марқұмның ағасы Сәби Қуанышбаев

Құрылыстың мердігері – «Мейірім» компаниясы. Өзін директордың орынбасарымен деп таныстырған азамат қауіпсіздік талаптары сақталған деп ақталды. Бірақ оған ұқсамайтын сияқты. Әр қабатқа ілінетін тор жоқ, тіпті сымдары да ашық-шашық жатыр. Дегенмен жауапты мекеме өкілі егер құзырлы орган өкілдері кінәлі деп тапса, оны өз мойнына алуға дайын екенін жеткізді.

«Бүкіл мәселелерді заң тұрғысынан шешсін. Қарайық, қазір зерттеулер жүргізіліп жатыр. Өйткені, бұл заң бойынша тергеу комитеті қандай үкім шығарады, сол үкім бойынша жауап беруге дайынбыз», - деді мердігер компания басшысының Ерлан Әлиев.

Қалалық құзырлы орган өкілдері қайғылы жағдайға байланысты тергеу жұмыстарын бастап кетіпті. Қазіргі таңда куәгерлерден жауап алынуда. Қай бап бойынша іс қозғалары әлі белгісіз деді Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі.

«Сот медициналық сараптама тағайындалды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі.

Белгілі болғандай, бұл құрылыс алаңында 60-қа тарта құрылысшы жұмыс істейді екен. Қайғылы жағдайдан кейін құрылыс уақытша тоқтатылған. Айта кетейін, мердігер компания қайтыс болған жігіттің денесін туған жеріне жеткізуге көмектеспекші. Сондай-ақ жерлеу рәсімне кететін шығындарды көтеруге уәде етті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары