Ауа райы қолайсыздығы орталық өңірді әлі састырып жатыр. Ақмола және Қарағанды облыстарынан шығатын жолдар тегіс жабық. Соның салдарынан аймақтарда шақырымдаған кептеліс пайда болып, көлік атаулы тегіс тұралады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өйткені боранның қарқыны басылғанда, ашылған жолға шығып үлгергендер діттеген жеріне жете алмай, айдалада қалған. Тіпті ақтүтекте қарға адым жерді көре алмай, көлік апатына ұрынып жатқандар да бар.
Солтүстік өңірде боран әлі тыншыған жоқ. Оның үстіне жылымық ауа аязға ұласып, жол үсті көктайғаққа айналды. Таңнан бері республикалық маңызы бар Екатеринбург-Алматы, Нұрсұлтан-Петропавл, Нұрсұлтан-Ерейментау, Шідерті тас жолдары жабық. Облысаралық жолдың 21 учаскесінде де көліктің барлық түріне қозғалыс шектелді. Дабылдық ескертуді елемей жолға шыққандар түз далада қаңтарылып қалды.
"Кеше осы бекетке келдім, өткізбеді. Щучьеде қондым. Таңертең келіп едім, көз алдымда жолды жапты да тастады. Күн жарықта өткізу керек еді. Қазір боран басылған сияқты. Автобан ақылы ғой. Тазартпайды. Несіне ақша төлейміз. Әйтпесе ақырын жетуге болады. Жұмыспен Петропавлдан келе жатырмын", - жүргізуші Валерий Колышев.
Бүгін таңертең жол жабылмай тұрып Астанадан Қарағандыға шығып кеткендер апатқа түсті. Ақтүтек боранда алты бірдей машинаның тас-талқаны шықты. Тіпті бір көліктің сау тамтығы қалмаған. Ішіндегі екі жолаушысы жарақат алған. Миы шайқалған бір жолаушы жақын маңдағы Осакараовка аудандық ауруханасына жеткізілсе, ауыр жарақат алған екіншісін облыс орталығына шұғыл әкеткен.
Солтүстік пен орталық өңірде үш күннен бері боран. Құбылмалы күн райынан ашылған жолды қайта жабуға тура келіп жатыр. Оның үстіне жолдарды қардан тазалауға да мүмкіндік жоқ. Синоптиктер 8 өңірде ауа райы құбылады деп болжауда. Маңғыстау, Атырау, Қарағанды мен Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында қатты жел әлі басылмайды. Көктайғақтың көкесі де әлі алда.