Ақтөбе облысында төбелес кезінде әріптесін пышақтап өлтірген мұғалімге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kz.
Оқиға Ақтөбе облысы, Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық ауылында 2020 жылдың 22 қазаны күні болған. Ауыл мектебінің екі педагогы дене шынықтыру пәні мұғалімінің үйінің ауласында, түскі мезгілде төбелесіп қалған. Сотталушы ашуға бой алдырып, мас күйінде әріптесіне асхана пышағын сұғып алған. Алған жарақатынан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі көз жұмған.
Сотталушы бар кінәні мойындады. Сот отырысы кезінде куәгерлерден де жауап алынды.
"Жаза тағайындау кезінде сот "Ж"-ның шын ниетпен өкiнгенін, айыбын мойындап, полицияға барғанын, қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянды өтегенін, кәмелет жасқа толмаған балаларын ескерді. Жәбірленуші тарап та кешірім берді. Сот үкімімен "Ж" ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.