Елордада бір топ қарақшы ЖШС қызметкерлеріне шабуыл жасап, миллиондаған ақшаны тартып әкетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Астаналық ЖШС менеджері Есіл аудандық полиция бөліміне келіп, Мәңгілік ел көшесінде белгісіз адамдар тарапынан шабуылға ұшырағанын айтып шағымданған.
Жәбірленушінің сөзінше, сағат 20:00 шамасында ол өз әріптесімен бірге банкоматтан 10 миллион 900 мың теңгені шешіп алған.
"Олар терминал орналасқан ғимараттан шығып, көлікке бара жатқанда төрт жігіттің шабуылына ұшыраған. Пакет толы ақшаны тартып алмақ болған қарақшылар менеджерді соққыға жыққан. Жанжал кезінде шабуылдаушылар газ баллонын қолданып, ЖШС қызметкерлерінің 3 миллион теңгесін әкеткен. Қылмыскерлердің сыбайластары оқиға орнына жақын маңда автокөлікте күтіп тұрғандықтан, олар лезде із суытып үлгерген", – делінген ақпаратта.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері қарақшылық жасады деген күдікпен 18-23 жас аралығында жеті жігітті ұстады.
Қазіргі кезде аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 4-бөлігі 192-бабы (қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс бойынша барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тексере келе күдіктілер қаражаттың бір бөлігін жұмсап үлгергені белгілі болды. Ал тінту кезінде табылған 700 мың теңгені полицейлер тәркіледі.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, тергеу кезінде ЖШС қызметкерлерінің қылмысқа қатыстылығы да мұқият тексерілетін болады.