Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткі жасап, сатумен айналысқан топ анықталды. Олар улы затты ауылда өндіріп, облыс орталығына әкеліп сатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде есірткі заттары Петропавл қаласында тұтынушыларға тікелей жолмен сатылғаны анықталған. Психобелсенді заттарды жасайтын үй-жай қаладан 120 км жерде Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде орналасқан екен. Есірткі зертханасында синтетикалық «тұзды» жасауға қажетті жағдай жасалған, желдетілетін бөлме жабдықталған, колба, өлшеуіш ыдыстар, қорғаныс костюмдері мен респираторлар болған. Бұл криминалдық бизнеспен азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар мен олардың жақын туыстары айналысқан.
Ұстау және тінту кезінде полицейлер дозаларға бөлініп салынған және сатуға дайындалған салмағы шамамен 55 грамм синтетикалық есірткіні анықтап, тәркіледі. Қаптауға арналған материал, ұялы телефондар, дәріханалық таразы, жазбалары бар дәптер және тағы басқа заттар алынды. Сондай-ақ салмағы 700 граммға жақын синтетикалық есірткіге ұқсас ұнтақ тәріздес зат алынды. Айғақтар сот-химиялық сараптамаға жіберілді.
«Аталған топты әшкерелеу өткен жылдың қазан айынан басталған, полицейлер ауқымды жұмыс жүргізді. Қазіргі уақытта аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша енгізілді. Екі ер адам мен екі әйел ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде», - деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров.
Жыл басынан СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 17 кг астам есірткілік зат тәркіледі. 31 есірткі бұзушылығы анықталды. Заңсыз есірткі айналымы үшін 42 адам ұсталды.