Ақтауда екі адам белгісіз химиялық заттан уланып қайтыс болды. Тағы алты адам жедел түрде ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникациялар орталығы (ҚКО) хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Құзырлы органдар мәліметіне сүйенсек, Ақтау тұрғыны көршілеріне ескертпей өз пәтерін "Квикфос" дәрісімен (жәндіктерді жоюға арналған) зарарсыздандырған. Нәтижесінде көрші пәтерлердің бірінде анасы мен қызы қайтыс болды. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деп хабарлады ҚКО өкілдері.
Іс ҚР ҚК-ның 304-бабы 4-бөлігіне сәйкес Ақтау қаласының полиция басқармасына тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, пәтер иесі анықталды.