Қостанай облысы, Лисаков қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің бір пәтерінен түтін шығып, артынша жарылыс болды. Соның салдарынан іргелес пәтерлердің арасындағы қабырға қираған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Қостанай облысының ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдай мамандары газдың сыртқа бөлінуіне, соның салдарынан болған жарылысқа пәтер иелерінің немқұрайлы қарағанлығы, пеште тұрған тамақты қараусыз қалдыру себеп болғанын айттты.
«Оқиға орнына келген бойда ас үйдегі 3 шаршы метр ауданды өрт шалғаны анықталды. Өрт ас үй плитасында тамақ пен суды қараусыз қалдырудың салдарынан туындаған. Өрттен сыртқа газ бөлініп, газды ауа қоспасы жарылған. Дүмпу кесірінен көрші екі пәтердің арасындағы гипс қабырғаның 13 шаршы метрі қирады», - деп жазады ТЖД-нің желідегі парақшасында.
Пәтер иесінің ұлы оқиға кезінде сол жерде болды. Ал көрші пәтерде үш ересек адам және 9 айлық бала болған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.