Тәртіп сақшылары тек қана қоғамдық тәртіпті қадағалап, түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алушылар ғана емес, қиналған жандарға қорғау мен қолдау көрсете алатын мамандық өкілдері. Тіпті зәбір көрсетіп жатқан жақын адамынан қорғану үшін де жәбірленуші азамат, азаматшалар полиция өкілінің көмегіне жүгініп жатады. Барлық адам өз құқығын өзі қорғауға шамасы келмейтін шақ туған кезде оған қол ұшын созып, басының амандығы мен моральдық, материалдық игіліктерінің сақталуына кепіл болатын жанды іздейді. Солардың бірі полицей қызметкерлер екені даусыз. Сондықтан, Skifnews.kz ақпараттық порталы сәуір айының тоғызы, яғни бір күн ішіндегі тәртіп сақшыларының жасаған істеріне көз жүгірткен едік.
Жоғалған сәбиді іздеуге көмектесті
Төтенше жағдайлар адамның ересек немесе кішілігіне қарамайтыны өкінішті. Әсіресе суға қатысты болатын өкінішті жайттардың саны өлшеусіз. Ересек адамдар көбіне жүзіп жүріп немесе суға шомылып алмақ болып әрекеттенген кезде қайғылы жағдайлар орын алып жатса, кішкене сәбилер ойнап жүріп қалай суға батып кеткенін байқамай қалатыны өкінішті. Сондай оқиғалардың бірі Батыс Қазақстан облысында орын алған еді.
9 сәуір күні көп балалы ана қатты алаңдаулы күйде Риддер қаласының полициясына шағымданады. Ол сол күнгі кезекшіге кешкі сағат 6 шамасында әлі жасы 3-ке толмаған баласының ағаларымен ойнауға шыққанын, содан бері оны жан-жақтан іздеп, таба алмай жатқанын хабарлаған.
Кейін белгілі болғандай, әйел адам балаларымен бірге көшеге шыққан. Содан кейін ол көршісінің үйіне қонаққа кіріп, терезеден балаларын сырттай бақылап отырыпты. Сәлден соң ол сыртқа шыққан кезде кішкентайын таба алмаған. Көшедегі балалар да оның қайда кетіп қалғанын байқамаған болып шығады.
Ішкі істер органы хабар түскен бетте сол маңдағы тұрғын үйлер мен көшелерді тінту жұмыстарын жүргізеді. 10-нан аса көшелер мен 50-ге жуық үйлерді қарап шығады. Жақын маңдағы камераларды да қарау барысында да ешқандай айғақ қолға түспеген.
Іздеу жұмыстары түнге дейін жалғасады. Оған 80 полиция қызметкері, Ұлттық гвардияның 50 әскери қызметшісі, төтенше жағдай құтқарушыларымен бірге 135 еріктілер қатысады. Сол күні жаңбыр жауып тұрғанына байланысты қызметтік иттер де баланың ізін таба алмаған.
Тек таңғы 9.30 шамасында ғана қылмыстық полиция өкілдері үйден 800 метрдей алыс жатқан Быструха өзенінің жағасынан баланың денесін тапқан.
Ішкі істер министрлігі бұл қайғылы жағдайға байланысты үй ішіне көңіл айтып, іздеу жұмыстарына атсалысқан барлық қызметкерлер мен еріктілерге алғысын білдірді.
Министрлік ескертпесі
Аталған оқиғаны негізге алған Ішкі істер министрлігі Батыс Қазақстан облысына ғана емес, өзен, көл, теңіз сияқты су аңғарларының жанында мекен етіп жатқан жалпы қазақстандық тұрғындарға ескертпе жасап, кәмелет жасқа толмаған балаларды қараусыз далаға жібермеуге, көшеде ойнап жүрген сәбилерінің әрекеттеріне сақ болуға шақырды. «Қазіргі еліміздегі су тасқынына байланысты жағдайды ескере отырып, ел азаматтарына көшеде ойнап жүрген балаларына сақ болуына кеңес береміз. Жанында су, өзен аңғарлары бар жерлерде кәмелетке толмаған, кішкентай балаларын жалғыз қалдырмауын ескертеміз».
Басбұзар-отағасы қамауға алынды
«Отан от басынан басталады» десек те, өкінішке қарай барлық жанұяда береке мен тыныштық, мейірім мен махаббат салтанат құра бермейді. Кейбір отбасындағы шағын келіспеушіліктердің соңы үлкен дауға ұласып жататыны да жасырын емес. Тіпті ерлі-зайыптылардың арасында болған жанжал, ұрыс-керістен бөлек, физикалық күш көрсету мен қол көтеруге дейін баратын жағдайлар да кездесіп жататыны жасырын емес. Осыдан отбасылық зорлық-зомбылық оқиғалары басталып, жәбір көрген жандар полицияға жүгіне бастайды.
Сондай оқиғаның бірі Павлодар облысында орын алған болатын. Железин ауданының ауылдарының бірінен әйел адам өзінің ішімдік ішіп алған күйеуінен құтқаруын сұрап, полиция бөлімшесіне хабарласты. Хабар бойынша жеткен полиция қызметкерлерінің заңдық әрекеттеріне үйінде жанжал тудырып жатқан қырықтар шамасындағы ер адам агрессивті мінез қылық танытып, балағат сөздер айтып, қарсылық көрсетеді.
Алкогольді ішімдіктің жетегінде шу шығарып жатқан азаматты тыныштандыру үшін тәртіп сақшылары арнайы шаралар қолдануға мәжбүр болып, оны қамауға алды. Медициналық тексерулер нәтижесінде көрсеткендей ол алкогольді мас болудың орташа дәрежесінде болғаны анықталды.
- Физикалық қарсылық көрсету мен тәртіпке сай келмейтін әрекеттері үшін азамат ҚР ӘҚБК 667-бабы және 73-бабы бойынша әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартылды,- деді мәселе бойынша Железин аудандық полиция бөлімінің басшысы Мансұр Болат.
Аталған оқиға бойынша азамат Железин аудандық сотының шешімімен екі тәулікке тұтқынға алынды. Одан бөлек, оның көрсететін тәртібіне сай құқықтық қорғану шаралары жүргізілетін боп шешілді.
Әрқашан көмекке дайын жауынгерлер
Жедел әрекет ету жасағы жауынгерлері жеке, ұжымдық, қоғамдық тәртіпсіздіктердің болмауын қадағалап қана қоймай, бүлдіршін балалардың көңіліне сенім ұялатып, үлгі боларлық іс көрсетті.
Атап айтсақ, жасақ өкілдері тоғызыншы сәуір күні «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» КММ-не көмекке келген еді. Өйткені орталықтың ауласына тазарту жұмыстарын жүргізу үшін мекеме қызметкерлеріне көмек керек болған. Күректерімен және шелектерімен қаруланған жауынгерлер бірнеше сағат ішінде орталықтың аумағын тазартып тастады. Олар сыртқы тазалық жұмыстарын жасап қана қоймай, балаларды қуантуды да ұмып қалдырмапты.
Жасақ өкілдерінің біразы ауланы жинап, қоқысты алаңнан шығарып жатқанда, басқалары өздерімен алып келген сыйлықтармен орталықта тәрбиеленіп жатқан оқушыларға барды.
- Біз кезекшіліктен бос уақытымызда өздігінен заттарды ретке келтіре алмайтын жалғызілікті және қарт адамдарға көмектесеміз. Сонымен, бүгін біз кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы аумағындағы тазалық жұмыстарына көмектесуге бел будық. Ұйым аумағында балалар еркін жүгіріп, ойнай алатындай мүмкіндік жасағымыз келді. Біз осы әрекетіміз арқылы қажет кезде бір-бірімізге қол ұшын соза отырып, бір уақытта жас ұрпақтың бойында өзара көмек пен жанашырлық сияқты сезімдерді тәрбиелейміз деп ойлаймын, - деді ШҚО СОБР ДП командирінің орынбасары Бейбіт Хамидуллин.
Орталықтың тәрбиеленушілері мен мекеме қызметкерлері жедел әрекет ету жасағы жауынгерлеріне ерекше ризашылықтарын білдірді, ал полиция қызметкерлері үшін қарапайым «рахмет» кез-келген марапаттардан қымбат. Шығыс Қазақстан облысының ДП құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған сенбіліктер ежелден жақсы дәстүрге айналған. Осындай іс-шаралардың арқасында полиция қызметкерлері өздерінің бөлімдерін ғана емес, қаланы да көркейтуге үлес қосуда.