Алматыда жеті жасар қызды қорлаған 19 жастағы жігіт ұсталды. Polisia.kz сайтының хабарлауынша, оқиға күндізгі сағат бірде қаланың Түрксіб ауданындағы көпқабатты үйлер көптеп орналасқан шағынаудандардың бірінде болған.
«Жеті жасар қыз дүкеннен үйіне қайтып келе жатқан. Оның артынан ер адам кіреберіске кіріп, баланы қолына көтеріп, төмен қарай баспалдақпен алып түскен. Содан кейін белгісіз адам кішкентай қызбен бірге кіреберістің бұрышына қарай кеткен, ол бейнекамераның көрінісіне енбейді. Сол жерде оның қызды шешіндіріп, қолын тигізе бастағаны анықталды. Бала қашып үлгерген. Ол үйге жүгіріп барып, болған жағдай туралы анасына айтып берген. Анасының болған жағдайды айтып, жедел түрде полицияға жүгінуі қылмысты ізін суытпай ашуға көмектесті», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.
Күдікті қамауға алынды. Бұл 2002 жылы туған Ф.есімді азамат болып шықты. Ер адамның ақыл-есі кем деп есепте тұрғаны анықталды. Ол сол ауданда тұрады.
«Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 124-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген. Қылмыстық істер бойынша тиісті тергеу шаралары мен сараптамалық зерттеулер жүргізілуде», – деп түйіндеді Әбдрахманов.