19.05.2021, 17:20

Алматыда 1300-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалды

фото: inform.kz
Полиция тарапынан СЭҚ-ке әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілген материалдар кері қайтарылды.

Алматы облысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен прокуратураның бірлескен жұмысының нәтижесі жарияланды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыс прокуратурасымен бірге кәсіпкерлердің жеке білім беру, мемлекеттік сатып алу, мониторингтік топтар мәселелері бойынша өтініштерін қарадық. Нәтижесінде 1356 кәсіпкердің құқығы қорғалды, сонымен қатар прокуратура тарапынан бірқатар ұсыныстар енгізілді. Төрт лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының Өңірлік сектор меңгерушісі, Алматы облысы Кәсіпкерлер Палатасы директорының құқықтық мәселелері жөніндегі орынбасары Қанат Қабдиев. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданының прокуратурасы жекеменшік балабақшаларға қатысты облыстық мәслихат жанындағы тексеру комиссиясының 72 заңсыз тексерісін алып тастады.

Тексеру комиссиясының №6НК бұйрығын (сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу қағидаларын) бұза отырып, тексеру жүргізу туралы тағайындау актілерінде белгісіз кезең көрсетілген, өз кезегінде бұл Қағидалардың нормаларына қайшы келеді. Сонымен қатар, жыл басында 700-ден астам жекеменшік балабақшалар мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша келісім-шарт жасасу мәселесімен өтініш білдірген болатын. Сұрақты қарастыру нәтижесінде Алматы облысының Білім басқармасы ҚР БҒМ бұйрығының жаңа нормаларын ескеріп, балабақшалармен келісім-шарт жасады. Талдықорған прокуратурасы қала әкімі аппаратымен мемлекеттік сатып алуға 23 қатысушыға кепілдік жарналарды қайтармау фактілерін анықтады. Кәсіпкерлік субъектілерімен шарттар шеңберіндегі міндеттемелер толық көлемде орындалған болатын.

Сондай-ақ, Қанат Қабдиев мониторингтік топтардың қызметіне жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша Қарасай және Ұйғыр аудандарының учаскелік полиция инспекторы қызметкерлерінің алты кәсіпкердің қызметіне дербес заңсыз тексерулер жүргізілгенін, кәсіпкерлердің құқықтары бұзылғанын атап өтті. Полиция тарапынан СЭҚ-ке әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілген материалдар кері қайтарылды. Осылайша, прокурорлардың қадағалау актілері бойынша бизнес субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартудың жолы кесілді.

Айта кетейік, 2021 жылдың басында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен өңірлік прокуратура арасында бірлескен ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойылды. Жол картасы аясында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен құқықтарын бұзу фактілерінің жолын кесу бойынша бірлескен іс-шаралар көзделген. Бизнес өкілі Кәсіпкерлер палатасына немесе прокуратура органдарына жүгінген жағдайда, өтінішті қарау қорытындысы бойынша «Атамекен» ӨКП сараптамалық қорытынды дайындайды, сондай-ақ зерделеу нәтижесі бойынша прокуратура прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізеді.