Жел сегіз көпқабатты және төрт жеке үйдің шатырын ұшырып әкетті. Зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Orda.kz хабарлады. Желіде қатты желдің салдары түскен видео жарияланды.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті 6 маусым күні кешке 11 минут ішінде желдің екпіні секундына 15-тен 28 метрге дейін жеткенін хабарлады.
– Нәтижесінде, Абай ауданындағы бір коммерциялық нысанның, Әл-Фараби аймағындағы бір 5 қабатты үйдің, Еңбекші ауданындағы төрт 5 қабатты үйдің, Қаратау ауданындағы бір 5 қабатты үйдің шатыры – барлығы 8 көпқабатты үйдің шатырып ұшып кеткен. Сонымен қатар, Қаратау және Еңбекші аудандарындағы төрт жеке үйдің шатырының ұшып кеткені тіркелді, – делінген хабарламада.
Ағаштардың құлауы және үйлердің шатырларының ұшып кетуі нәтижесінде сегіз көлік зақымдалды. Төтенше жағдайлар министрлігі дауылды ескерту алдын-ала хабарланғанын айтты.