$ 498.34  519.72  4.85

Атырау тұрғынын өз достары жабылып, ұрып өлтірген

Тіпті жабылып ұрғандардың ішінде ауылға сыйлы адамдардың ұлдары бар көрінеді.

Атырау облысында топтасқан төбелес кезінде қаза болған Азамат Қалбағаевтың туыстары қанішерлер жазаланбай жатыр деп налыды. Марқұмды азаптап өлтірген 10 күдіктінің төртеуі қазір тергеліп жатса, қалған алтауы еркіндікте жүрген көрінеді. Азаматтың анасы кісі өлтіргендер "полициямен ауыз жаласып алған" деп күдіктеніп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 8-тамыз күні тапа-тал түсте болған. Үйде жатқан Азаматты бір топ жігіттер алдап далаға алып кеткен. Кикілжің кезінде ұзындығы бір метр, диаметрі 30 сантиметр құбырмен қанжоса қылып сабапты делінген тергеу материалында. 
Марқұмның туыстары: "Азамат Қалбағаевты  бақилық қылған – бірге өскен достары", - дейді. Тіпті жабылып ұрғандардың ішінде ауылға сыйлы адамдардың ұлдары бар көрінеді.

“Ішінде ұстаздардың балалары бар. Жақсы-жақсы жерде қызмет еткен балалар. Ата-аналарының алды – дәрігер. Жаңағы алып кеткен құдам деп, алып кетіп жатқан адамның өзі де ту сыртынан келген жаудың өзі”, – деді  Есбол ауылының тұрғыны Сағима Кенжеғалиева.
Ауылдың 10 жігіті Азамат Қалбағаевты аяусыз ұрған. Есінен танып қалған соң жантақтың арасына тастап кеткен. Кейін қанішерлер қылмыстың ізін жасыру үшін Жайық жағасына барып, үстіне жұққан қанды жуып-шайып тастайды.

Топтасқан жігіттерден әбден зәбір көрген Азаматты ауыл адамдары екі сағаттан соң тауып алады. Алайда жансақтау бөліміне жеткенше ол жан тапсырады. Марқұмның ағасы Алмас Қалбағаев "інімнің сау жері қалмаған" деп қапалы. Бауырымды 10 адам жабылып жүріп өлтірсе де, тек төрт-ақ сезікті қамауға алынды деп тәртіп сақшыларынан күдіктеніп отыр.          
“Аяқ-қолы бәрі сынған, басы жарылған, қабырғалары сынған. Денесінің бәрі қан. Осы 10 бала ұйымдасып келді ғой. Он баланың бәрі жазасын алу керек. Неге бостандықта жүр? Демек оларды біреу қорғаштап отыр”, – деді  Есбол ауылының тұрғыны Алмас Қалбағаев.

Қанды қылмыс бүкіл ауылды дүр сілкіндірді. Қамауға алынған бір күдіктінің анасы Сәуле Әзербаева "баламның мұндай сұмдық жасауы мүмкін емес" деп ақталды. 
“Қиын жағдай болды. Орны толмас қайғы болғанына қатты қиналып тұрмыз. Енді баламыздың ойламаған жерден сол жерге кіріп кеткеніне қатты қиналып қалдық. Неге оны бірдей қамамайды, неге төртеуі тергеледі?”, – деді Есбол ауылының тұрғыны  Сәуле Әзербаева.
Ауылы аралас, қойы қоралас ауыл азаматтарының бұл қылығы енді заңмен жазаланады. 10 күдіктінің алтауы не үшін қамауға алынбағанын полиция департаменті түсіндіріп берді.

“Қасында жүрді екен деп бәрін қамай алмаймыз. Оны ертең жарақаттарына байланысты тергеу жүргізіп, әрекетіне байланысты баға беріліп, протокол шарасы қолданылады”, – деді Атырау облысы ПД тергеу бөлімінің бастығы Нұрмұхамед Мүтәлиев.
Бостандықтағы алтаудың қылмысқа қаншалықты қатысы барын енді тергеу анықтайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Атырау