Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 10 мемлекеттің елшісін «персона нон грата» деп жариялап, елден шығарып жіберу туралы сыртқы істер министріне тапсырма берді.
Бұл туралы Orda.kz РИА Новости-ге сілтеме жасап хабарлады.
Түркиядан елшілері шығарылатын елдер ретінде АҚШ, Канада, Франция, Финляндия, Дания, Германия, Нидерландия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция аталды.
— Мен біздің елдің сыртқы істер министріне дереу шара қолдану керектігін айттым. Яғни аталмыш 10 елшіні «персона нон грата» деп жариялауды тапсырдым, – деді Түркия президенті Ескі шахар қаласында сөйлеген сөзінде.
Басылымның жазуынша, Ердоғанның мұндай шешім қабылдауына 18 қазан күні дипломаттардың құқық қорғаушы Осман Кавалды босату жайлы мәлімдемесі себеп болған. Осы оқиғадан кейін барлық елшілер Түркияның Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оларға Консулдық қатынастар туралы Вена Конвенциясын сақтау қажеттігі туралы ескерту берілген.
Осман Кавал құқық қорғаушы әрі этникалық және діни азшылық топтарын қолдайтын Anadolu Kültür AŞ мәдени қорының негізін салушы. Ол 2013 жылы Стамбулдың Гези саябағындағы үкіметті биліктен кетіруге арналған наразылық шеруіне байланысты айыпталып, 2020 жылдың ақпан айында ақталып шыққан болатын.
Алайда Стамбул прокуратурасы сол күні оны қайта қамауға алуға ордер берген. Бұл жолы Осман Кавал 2016 жылы елде мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысты деген айып тағылған. Ол содан бері қамауда отыр.