$ 494.87  520.65  4.91

«Метеорит болуы мүмкін»: Шығыс Қазақстанда үйдің ауласына белгісіз зат құлап, терең шұңқыр пайда болған

Жауапты мамандар 10 күннен бері оның не екенін анықтай алмай жүр.

Шығыс Қазақстанда тұрғындардың ауласының бірінде кешқұрым белгісіз шұңқыр пайда болды. Артынша сол жерден түтін будақтаған. Мамандар «тылсым» күштің сырын әлі аша алмай отыр.

Аталған оқиға Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында болған. Үй иесінің айтуынша, кешке қатты дүрсіл естілген. Таңертең аулаға шыққанда бұрын-соңды болмаған шұңқырды көріп таң қалыпты.

«23 қазан күні үйде жалғыз болдым. Кешкісін малды жайғастырып, үйде теледидар көріп жатқанмын. Кенет гүрс еткен қатты дауыс естіліп, жер сілкінгендей болды. Темір құбырлар салдыр ете түсті. Сыртқа шығуға жүрексіндім. Көршім бір нәрсе түсіріп жатқан болар деп мән берген жоқпын. Ертеңгісін таңертең құдықтан су шығарайын деп барсам, құдық жанынан 10 метрдей жерде шұнқырды байқадым. Ішінен ақ ұнтақ тәрізді бу шығып жатты. Өз ойым – метеорит сияқты. Бетін жауып, бірден әкімшіліктен, төтенше жағдайлар бөлімінен мамандар шақырттым. Ол кісілер келіп көріп, сынама алуға кісі жібереміз деп кетті. Содан бері 11 күн өтті, ешкім келген жоқ» - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Мәуіт Ебикешов.

Құпия шұңқырды төтенше жағдайлар қызметінің мамандары келіп көрген. Шұңқырдың тереңдігі белгісіз және тереңдеген сайын жіңішкелене беретін көрінеді. Әзірге оның қалай, неден пайда болғаны беймәлім.

«Шұңқырдың неден пайда болғаны белгісіз. Тереңдігі шамамен 2,5 метр, бұл әлі нақты емес. Шұңқырдың қолмен қазылмағаны белгілі. Біз оның қайдан пайда болғанын және үй иелеріне зияны бар-жоғын дөп басып айта алмаймыз. Себебі арнайы мамандардың зерттеу нәтижесі керек», - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Талант Талапбеков.

Аталған мәселе бойынша ауыл әкіміне хабарластық. Бірақ мардымды жауап болмады.

«Бізге хабар келіп түскенде мамандармен оқиға орнына бірден бардық. Үй иесінен барлық мән-жайды сұрастырып, оқиғамен таныстық. Бұл мәселе бойынша аудан әкіміне, төтенше жағдайлар бөліміне хат жібердік. Бүгінгі таңда бізге кері жауап хат жіберіпті. Онда біз өз арамызда осыған жауапты мамандармен бірге комиссия құрып, зерттеу жүргізуіміз керек деп жазылған. Енді алдағы уақытта жедел комиссия құрып, сынама алып, зерттеуге жібереміз», - дейді Ақжар ауылының әкімі Дауітбек Ниязбеков.

Ал, Ақжар тұрғыны Мәуіт Ебикешов өзі мен отбасы мүшелерінің денсаулығына алаңдайды. Ол құлаған заттың не екенін білмегендіктен, одан зиянды қалдықтар бөліне ме деп қорқады.

azattyq-ruhy.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары