$ 494.87  520.65  4.91

Шекара қызметкері лотереядан ұтқан 7 миллион теңгесін қайырымдылыққа жұмсады

Нұрлыбек Иманбаев былтыр жыл соңында аяқасты ұтысты болған. Ол ұтыстан түскен ақшаны үшке бөлмек.
aikyn.kz
aikyn.kz

Солтүстік Қазастан облысындағы Бисен ауылының тұрғыны Нұрлыбек Иманбаев былтыр жыл соңында аяқасты ұтысты болды. 43 жастағы азамат жап-жаңа Hyunday Accent көлігін иеленген еді. Жақында оған көліктің ақшасы табысталды. Міндеттелген салықтың ұсталуымен Нұрлыбек Иманбаевқа 7 миллион 519 мың теңге қолына тиді, деп жазды aikyn.kz. 

– Өзім құмар ойынға қызыққан емеспін. Ойнап та көрмегенмін. Бұл ұтыс кездейсоқтық деуге болады. Себебі көліктің ойнатылып жатқанын үлкен ұлым әлеуметтік желіден көріп қалды. Отбасымызбен қатысып көрмек болдық. Алла сәтін салып, ұтыс бізге бұйырыпты. Әрине, қуанышымызда шек жоқ. Бірақ  жанұямызбен ақылдаса келе, ұтысты мұқтаж жандарға таратып беруді шештік. «Желмен келген желмен кетеді» демей ме? Маңдай терімізбен тапқан табысымыз емес. Одан гөрі қатты қажетіне керек мұқтаж жандарға пайдасы тисін деп ойладық, – дейді Нұрлыбек Иманбаев.

Ол ұтыстан түскен ақшаны үшке бөлмек. Оның 1 миллион теңгесін қаңтардағы оқиға кезінде қаза тапқан Шекара қызметі академиясының екі курсанттың отбасына беруді ұйғарған. Ал миллион теңгені хәл үстінде жатқан баланың еміне аударуды жөн көрген. Қалған төрт миллионнан астам қаржы қайырымдылық қорына жіберіледі. Бұл қор аз қамтылған отбасылардың баспаналы болуына көмектеседі.

– Отбасымызда көлік болған емес. Онсыз да бақыттымыз. Құдайға шүкір, басымызда баспанамыз бар, жалақымыз күн көрісімізге жетеді. Одан артық не керек. Бастысы – барымызға қанағат етеміз. Алла осыны көп көрмесін, – дейді ол.

Нұрлыбек Иманбаев – шекарашы. Еліміздің шекарасын қорғап жүргеніне 13 жыл болған. Ал Нұрлыбектің келіншегі –  бастауыш сынып мұғалімі. Ерлі-зайыптылар екі ұл мен қыз тәрбиелеп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары