22 мамырда Жарма ауданындағы Алматы - Өскемен тасжолында жол апаты болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Полиция мәліметінше, жеңіл көлік трактордың тіркемесіне соғылған.
"Nissan Cefiro маркалы автомобильдің 36 жастағы жүргізушісі Алматы облысының Текелі қаласы жақтан Қалбатау ауылына қарай 959-шақырымда қауіпсіз қозғалыс жылдамдығынан асырып, ілеспе бағытта келе жатқан "Беларус 82.1" маркалы трактор тіркемесінің артқы бөлігіне соқтығысты", - деп хабарлады полицейлер.
Апат салдарынан оқиға орнында 36 жастағы көлік жүргізушісі мен төрт жолаушы қаза болды. Жарақат алған тағы бір адам ауруханаға жатқызылды.
Полиция ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша тергеу бастады.