Шығыс Қазақстан облысында тасжолда болған көлік апаты салдарынан төрт адам қаза тапты. Жүргізуші ауруханаға жатқызылды деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінен хабарлағандай, қайғылы оқиға 30 қыркүйекте сағат 20.20 шамасында Үлкен-Нарын-Күршім тасжолында (2/133 км) болған.
«27 жастағы Toyota 4Runner жүргізушісі қатты жылдамдықпен келе жатып рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Соның салдарынан жол талғамайтын көлік аударылып, төрт жолаушы (1963, 1969, 1979, 1992 жылы туған ер адамдар) оқиға орнында қаза тапты. Жүргізушінің өзі түрлі жарақатпен жергілікті ауруханаға жеткізілді», - делінген ПД хабарламасында.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.