Ақтөбе облысы Ақкемер ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше зардап шеккен төрт адамның жағдайы тұрақты.
"Жеке тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылып, одан кейін жалпы ауданы 31 шаршы метр үйдің 10 шаршы метр аумағында қабырғалар жартылай опырылып, шатырда өрт шықты. Соның салдарынан төрт адам күйік алды. Олардың жағдайлары тұрақты", - деді Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Иманқұлов.
Сонымен қатар ол құтқарушылардың үйден сыйымдылығы 50 литрлік толтырылған 2 тұрмыстық газ баллондарын шығарғанын айта кетті. Өрт сағат 13:30-да жалпы ауданы 15 шаршы метр аумақта сөндірілген. Газдың жарылу себебі анықталған.