$ 494.87  520.65  4.91

«Ата-енем араша түспек түгілі, қансырап жатқанымда ит құрлы көрмеді»: Алматы облысында күйеуі әйелін пышақтап тастаған

15 жылдан бері күйеуімнен таяқ жеп келе жатырмын. Енем де, атам да, тіпті қайын апам да қол көтеретін.

Алматы облысы Қарасай ауданы Бұлақты ауылында тағы бір әйелді күйеуі пышақтап тастаған. 37 жастағы келіншек қазір Қарасай аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде ем алуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Сөздің шыны керек” бағдарламасына сілтеме жасап.

Екі баланың анасы "күйеуі пышақтап жатқанда ата-енесінің араша түспегенін, қанын сорғалатқан күйі көшеге шығып, көлік тоқтатып, жергілікті емханаға барғанын" айтады.

“15 жылдан бері күйеуімнен таяқ жеп келе жатырмын. Енем де, атам да, тіпті қайын апам да қол көтеретін. Мен бұның бәріне екі бала үшін ғана шыдадым. Ең болмаса, жедел жәрдем шақыртуға жарамаған адамдардың үйінде тұрғым келмейді, күйеуімді полиция қамауға алсын”, – дейді әйел.

Аиданың көзі көгерген. Қолында, аяғында, арқасында пышақ тиген іздері бар. Тереңдей кірген пышақ ізі бүйрек тұсындағы жарақатын көрсетті. Келіншектің бет-әлпеті өзінің өтінішімен жабылды. Ел-жұрт көріп отыр, балаларым да есейіп қалды деп намыстанып, фамилиясын да атамауды өтінді. Қарасай ауданындағы ауруханада ем қабылдап жатқан әйел 28 қазанда пышақ жарақатымен түскен.

Жәбірленушінің сөзінше, таңертеңгілік уақытта енесі мен күйеуі сөзге келіп, төменгі қабатта айқайласып жатқанын естіген. Өзіне қатысты сөздерді құлағы шалып қалғандықтан ол көтерілгенде үндемей қалмадым деген әйел күйеуінің өзіне бірден пышақ ала жүгіргенін айтады.

“Мен “сендердің кет дегендеріңнен әбден жалықтым, кеткеннен кейін келмеуім керек еді” дедім. Күйеуім “Сен қазір біржолата кетесің” деп тартпадағы пышақты алды. Мен айналып қашып, есікке қарай ұмтылғанымда арқамнан кеп пышақты сұғып алды. Одан пышақты алып барлық жеріме тықпақшы болды. Содан қолынан ұстап, пышақтан ұстап қорғандым”, – дейді ол.

Ата-анем де үстіңгі қабатқа көтерілді. Бірақ қарап тұрғаны болмаса, көмектеспеді. Арпалысып жүріп, далаға шығып көлік тоқтаттым, дейді Аида. Тіпті жарақатым үшін емес ешқайсысының ит құрлы көрмегеніне намыстанып кеттім деп жылады.

“Бір көлік келе жатыр екен. Ішіндегі адамға да қарағаным жоқ. Мені бір жерге жеткізші, қансырап тұрмын дедім. Маған иттік жасап, қор қылды. Мен оны кезінде митингте қансырап жатқан жерінен, алып келген болатынмын. Бір адам бармай қойған”, – деп қапаланды Аида.

Жергілікті емхана қызметкерлері жедел-жәрдем шақыртып, әйелді аудандық ауруханаға жеткізген. Қазір жәбірленуші Қарасай аудандық ауруханасының хирургия бөлімінде жатыр. Дәрігерлер 28 қазан күні 13:30-да түскен келіншекке сол жақ белінің тесілген жарақаттары, сол жақ мықынның, сол жақ қолдың алақанының кесілген жарақаты деген диагноз қойып, антибактериальдық және симптомдық терепиялық ем жүргізілгенін айтады. Қазіргі жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.

Аиданың өзі пышақтың бүйрек тұсын жанамалап өткендігі себепті дәретке барудың ауыр екенін айтады.

Ол полиция жұмысына да ренжулі. Ақ парақ қағазға қол қойғызып алып кетті деп отыр. Ал Аиданың алдағы уақытта құқығын қорғайтын заңгер Ғабит Өмірбек құқық қорғау органдарының үстінен прокуратураға шағымданатынын айтады.

“Аиданың әлі күнге дейін жауап алу хаттамасын толтырмаған. Егер науқас ауруханада жатса тергеуші сол жерге келіп міндетті түрде сол жерден жауап алу хаттамасын толтыру керек. Одан кейін жолдасын талонмен шақырып, оған да жауап алу хаттамасын толтыру керек. Сосын барып сараптама тағайындауы керек”, – дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары