17.11.2022, 17:40

Алматыда троллейбус пен автобус соқтығысты

Жол апаты салдарынан 2002 жылы туған қыз дене жарақатын алды.

Алматыда ара қашықтықты сақтамау салдарынан автобус пен троллейбус соқтығысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Жол апаты бүгін сағат 14:20 шамасында Жандосов көшесі бойында болды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов хабарлады.

«Yutong» маркалы автобустың жүргізушісі Жандосов көшесімен батыс бағытта келе жатып, ара қашықтықты сақтамау салдарынан алдыда келе жатқан троллейбусты соғады. Жол апаты нәтижесінде автобус жолаушысы 2002 жылы туған қыз дене жарақатын алды. Ол медициналық көмекке жүгінді»,- деді Олжас Шәріпов.

Аталған материал Әуезов аудандық полиция басқармасы өндіріске қабылдады.

Сондай-ақ бүгін Алматы қаласының әкімдігі көлік жүргізушілерін апаттар қаупінің жоғарылауына байланысты жылдамдықты төмендетуге, автокөліктер арасындағы қашықтықты арттыруға, маневр жасаудан аулақ болуға шақырды. Жаяу жүргіншілерден тротуарларда жүргенде абай болуды, шұғыл қажеттіліксіз үйден шықпауды сұраған болатын.