Түркістан облысында жер үйде газ баллоны жарылып, бір адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдай министрлігіне сілтеме жасап.
14 қаңтарда сағат 18.41-де 112 пультіне Түркістан облысының Шардара ауданынан хабар түскен.
Онда жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылғаны, 84 шаршы метр аумақта үйдің шатыры мен қабырғалары жартылай опырылғаны, оқиға орнында өрт болмағаны айтылған.
ТЖМ бөлімшелері келгенге дейін көршілері үйінді арасынан екі баланы алып шығып, орталық аудандық ауруханаға жеткізді.
Қазіргі таңда балалардың жағдайы нақтыланып жатыр. Аудандық аурухана дәрігерлері балаларға медициналық көмек көрсетуде.
Оқиға орнынан әйел адамның мәйіті табылды. Қазір оның кім екені және өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Оқиға орына ТЖ департаментінің қызметкерлері, құтқару техникасы жұмылдырылды.