Шығыс Қазақста облысында жер үйде өрт шығып, 27 жастағы әйел көз жұмды, күйеуі ауыр жағдайда ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға бүгін таңғы уақытта Глубокое ауданында болған.
Белоусовка кентінде Свердлов көшесіндегі жер үйде өрт болды. Сол жерге өрт сөндірушілер келіп жеткенде үйдің шатыры, терезе және есік блоктары, іштегі тұрмыстық техника мен жеке заттар жанып жатқан. Үйден 27 жастағы әйелдің денесі табылды.
Сондай-ақ өрт салдарынан 30 жастағы үй иесінің денесін орташа дәрежедегі термиялық күйік шалған. Оны жедел жәрдем дәрігерлері ауруханаға жансақтау бөлімшесіне жеткізді.
«Белгілі болғандай, таңертең ерте оянған ер адам өртті көріп, баласын жанып жатқан үйден шығарып үлгерді. Содан соң қайта оралып, әйелін іздеу үшін ашық жалынға оранған үйге кірді. Алайда тілсіз жау бет қаратпағандықтан денесін күйік шалып, сыртқа шығып үлгерді. Ал жұбайы шыға алмай қалғандықтан мерт болды», - делінген ақпаратта.
Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 70 шаршы метрді құраған отты толықтай ауыздықтады. Жалынды сөндіруге жеке құрамнан 12 адам және 3 техника жұмылдырылған. Алдын ала дерек бойынша өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолдану немесе электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау.