$ 494.87  520.65  4.91

«Халық терісін жамылған депутаттар...»

Осыдан бірер жыл бұрын облыстық мәслихаттың бір депутатымен сұхабттасқаным бар. Сөз арасында «осы депутат болуға неге сонша құмар боласыздар» деп сұрадым. Әдеттегі әуенмен «халыққа қызмет еткім келді, жігіт ағасы болған шағымда елге бір пайдам тисе екен деген оймен...» деп көкірегін кере жауап берген.

Сол кісінің депутат болмай тұрып бір мекемені кенеше сорғанын білетінмін. Сол маңның халқы қан қақсап, талай арызданып алдымызға да келіп еді. Ал бұл болса «халқыма қызмет еткім келді» деп ұялмай соғып отыр. Мұндай мысалдар толып жатыр. 

Тағы бір тапжылмай отырған депутатты білемін. Атын атап, түсін түстеп абыройын төккіміз жоқ. Сол кісі бір ЖОО-ның бастығы. Оқу ордасындағы студенттердің айтуынша «ағайлары» нағыз қызқұмар, құзқұмар болғанда да студенттеріне қырғидай тиетін әсіреқызқұмар екен. Өзінің қызындай, немересіндей қаракөздер алдына өтінішпен кіре қалса төсекті көрсететін көрінеді. Осылайша сессиясы бар, басқасы бар, оңай тапсырғысы келетін қыз-қырқын келіссе келісіп, келіспесе оқудан кетеді екен. Мұнымен де бір жылдары әңгіме дүкен құрыппыз. Оған да әлгі халқын қан қақсатқан депутатқа қойған сауалды қойғанбыз. Оның да жауабы сонікіндей: «Халыққа қызмет еткім келді...».

Басқаны қайдам, депутат атаулының көпшілігінің халықтың қамын ойлап қана мәжілістің залында қызылкеңірдек болып, айтысып, тартысатынына сене алмаймын. Себеп көп.

Біріншіден, көпшілігі халықты қалағанынша арбаға жегіп байыған кәсіпкерлер. Яғни, мәселе бюджет қаржысын олай да бұлай да бөлуге келіп тірелгенде өзінің, өз кәсібінің ыңғайына қарай туралап жіберуге кіріседі. Бір-бірінің көзін шұқымайтын қарғаларша ым-жымдары бір. Сессия отырыстарына бара қалсаң баспасөздің көзінше өзара пікірталасып, айтысып, тіпті боқтасуға да таяп қалады. О баста аңғармайды екенбіз, кейін қарасаң сол екеуі далаға шыға сала шүйіркелесіп, ары қарай ресторан, сауналатып бара жатады. Кілең бетперде киген шоумендер.

Көз қылып болса да камераның түсіріп тұрғанын көріп, жиындарда дауласа кететін депутаттарға сәл де болса ішіміз жылып тұратынын жасырып қайтейік. Аттандаса да ауызына құм құйылмай, әрненің басын шалып, не үшін депутат болып отырғанын бір білдіріп қояды. Оған да рахмет. Ал енді 4-5 жыл бойы жабылған аузын ашпаған күйі кететін, бары да, жоғы да білінбейтін көлеңке депутаттар қаншама (мәслихат отырыстарынан да сирек көреміз).

Мәселен, Кентау қаласының №14 округінен сайланған Талғат Баймаханов, Мақтаралдан сайланған Шералы Қаныбеков, Қазығұрттан Мұрат Мейірманов, Сайрамнан сайланған Бадритдин Нишанқұлов деген депуттарды танисыздар ма? Бір мінберлерде сөз сөйлеп, елдің атынан мәселе көтеріп жүргенін көрдіңіздер ме? Мен өзім көрмедім. Көрмеген көзде жазық жоқ. Бірақ, үнемі назарда жүретін, сауал қойсаң тұщымды жауап беретін бірді-екілі халық қалаулыларынан өзге ешкімді танымаймыз. Тану міндетті де емес шығар. Дегенмен айтары бар, қолынан іс келетін, сөзінің салмағы, тірлігінің қайыры бар азаматты ел жазбай таныр еді. Бірақ ондайларды іздесең емге таппайсың. Керісінше, өз шаруасы қарашаның шаруасынан асып, баи түссе, атын, қызметін пұлдап биге шықса, одан артық көлеңке депутатқа не керек?! Бетпердені бұлар да жамылған. Жеме-жемге келгенде халық бір жақта, өзі бір жақта...

 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ,

журналист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары