Ресейде болып жатқан қиыншылықтарға қуанып жатқан жоқпыз. Дегенмен, санкциялар әсерінің бізге пайда әкелетін де жағы бар. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов бүгінгі брифингінде осылай деді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
— Біз бұл елмен Еуразиялық экономикалық одақ құрамында бірге жұмыс істеп келеміз. Басында айтылғандай, біз тек экономикалық мүддені ғана көздейміз. Ал, қазіргі жағдай сол мүддемізді одан әрі күшейтіп отыр, — дейді ол.
А. Мырзахметовтың айтуынша, Ресей көптеген елдерден азық-түлік әкелуге тыйым салып отыр. Ал, ондағы 140 млн. халыққа тамақ керек. Сондықтан, азық-түлік жағынан қазір ет, сүт, жеміс-жидек жағынан атсалысуымызға барлық мүмкіншілік бар. «Сол мәселеге байланысты келесі аптада Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мырзамен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен, «ҚазАгро» басшыларымен, тағы басқа өндіріс саласында жүрген азаматтармен бас қосып, ішкі сұранысты қанағаттандыру және Ресейге экспортқа шығару жайын талқылаймыз», деді А.Мырзахметов.
Айта кетерлігі, Елбасының тапсырмасына сай Ауыл шаруашылығы министрлігі 2016 жылға дейін Ресейге тасымалданатын ет көлемін 60 мың тоннаға дейін жеткізуі тиіс. Кеше Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге байланысты сын айтып кеткен болатын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы осы мәселеге байланысты да экспорттық мүмкіншіліктерді пайдалану жағын қарастыратындықтарын жеткізді.