$ 494.87  520.65  4.91

«Бұрын да, бүгін де қазақ саяси сергек емес. Сергектік деген дүние енді-енді қалыптаспаса, қазақ өзін саяси ел ретінде әлі көрсете алған жоқ...»

Бұрын да, бүгін де қазақ саяси сергек емес. Сергектік деген дүние енді-енді қалыптаспаса, қазақ өзін саяси ел ретін­де әлі көрсете алған жоқ.

Оның алғышарт­тары Алашорда кезінде болған шығар. Алаштықтар халықты сергектікке ұмтыл­дырды. Бірақ қазақ инертті халық. Дүр­мекшіл халық. 1916 жылды қараңыз. Қазақ халқы саяси сергектік таныта алды ма? Алашорда көсемдері айтты: «Әй, қазақтың баласы, окоп қазсаң да бар соғысқа. Ең болмаса, сапқа тұруды үйре­несің. Әскери маршты, қалай жүріп-тұру­ды үйренесің. Шекара асып, оқ-дәрінің исін иіскеп келесің. Үйрен, бүкіл әлем соған бара жатыр» деді. Әскери-саяси ұлтқа айналудың алғашқы шарттарын жасағысы келді. Саяси сергек ұлт болсақ сонда имановтардың соңынан еріп, сойыл сүйреп соғысар ма еді? Соғысқанда да, қырып соғысқан жоқпыз ғой. Елу­мың­дап жиналдық та, 200-500, ұзаса мың қаралы орыс әскерлерінен жеңіліп қала бердік. Егер біз сол кезде орысты талқан­дап, шекарамызды бекітіп алсақ, сонда айтуға болады. «Біз саяси сергек, әскери ұлтпыз» деп. «Ойбай, баламды соғысқа бермеймін» деді. Бәрібір берді соңында. Немесе үдере көшті. Осындай нәрселерге намысың келеді. «Қилы заманды» оқып отырып, қатты шамданасың. Бұл Әуезов­тің көркемдігінен бұрын, өте деректі шығармасы. Сол кездегі көтерілістің сипатын көрсетеді. Әуезов оған өте абзал, адамгершілік тұрғыдан келеді. Бірақ он-жиырма мың адам болып, айналдыр­ған жүз қаралы солдаттан жеңіліп қа­лады. Әскери, саяси сергек ұлт сондай жағдайда салғырттық, әлсіздік көрсетер ме еді?! Жеңілгенімен қоймай, елін-жерін тастап Қытай ауып кетеді. Отыз мыңдай адам шекара асып көшті. Ал не болды? Керісінше, жеріңді босатып бердің ғой отарлаушы халыққа. Біз Кавказ халық­тары сияқты тістеген жерімізде тісіміз, ұстаған жерімізде тырнағымыз қалсын деп соғыса алдық па? Жоқ. Сол 1916 жылғы оқиға қазақ халқының саяси сергек емес екенін көрсетті. Одан кейін алашордашылар саяси сергектікке ұм­тыл­ды, рас. Бірақ үлкен империямен соғысу қиын болды. Ақпараттық соғыстың өзі ауыр болды, жеңілді. Ал қазір әлі сергек емеспіз. Ол үрдіс өте жәй жүріп жатыр. Қалай болатыны белгісіз, аяқтал­маған үрдіс. Саяси сергек деп грузиндерді, украиндерді айт. Тіпті іргеміздегі қырғыз­ды айт. Бір мысал айтайын: Қырғызстанға бардым, таксиге отырдым. Бішкек пен Ыстықкөлдің арасындағы жолды жөндеп, қайта салып жатыр екен. Жүргізушіге: «Жол жасап жатқан кім?» деп едім, «Қы­тай компаниясы» деді. «Атамбаев осы жолдың ақшасын жеп жатқан шығар, иә?» деп жүргізушіге әдейі сұрақ қойып едім: «Жоқ» деді. Мен таңғалып: «Қалай жемей­ді?» десем: «Жеп көрсін, жегізбейміз!» деді. Бізде, Қазақстанда қарапайым таксист «президентке жегізбеймін!» деп айта ала ма? Ал қырғыздар қарапайым халқынан бастап, «халықтың ақшасын ешкімге жегізбеймін, жеп көрсін!» деп айта алатын деңгейге жеткен. Саяси сергектік деген – осы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары